Психолог: Пандемия өтеді, қалыпты өмірге қайта ораламыз - осыны естен шығармайық

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан COVID-19 вирусына алаңдаушылық индексі бойынша ТМД елдері арасында ең төменгі көрсеткішке ие. Бізде адамдар вирус туралы көп оқымайтын көрінеді. Тіпті, аз айтып, аз тыңдайды екен. Психологтар мұны психикалық сарқылу деп атайды. Бұл жақсы ма, жаман ба, екінші толқын басталғанға дейін біз өз ресурстарымызды қалай қалпына келтіре аламыз, мұны жасау қажет пе, жоқ па - оны бізге Алматы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының психологы Гүлнар Досжанова айтып берді.

– Қазір халықтың ауру алдындағы үрейі бәсендеген сияқты ма?

– Адамдар қазір бастан кешіп отырған жағдай - апатия мен ашудың қоспасы. Коронавирус тақырыбы әңгімеден біртіндеп жоғалып барады. Қауіп үйреншікті жағдайға айналғандай, енді оған мән беретіндей күш те қалмады. Шындығында, ұзаққа созылған күйзеліс адамды қажытады. Көп адам психологиялық тұрғыдан күйіп кетеді, сондықтан апатия туындайды.

Біз «мұның бәрі қашан аяқталады?» деген сұрақты жиі қоямыз. Бұл - қалыпты процесс, ең бастысы қорықпау және үрейленбеу керек. Менің ойымша, пандемияның бірінші толқынындағы қиын жағдай енді қайталанбайды. Ол кезде бұған экономика тұрғысынан да, медицина тұрғысынан дайын емес едік. Қазір бізде тәжірибе бар, яғни екінші толқын оңай өтуі керек.

– Осының бәріне төзуге адамдарда әлі де психологиялық ресурс бар ма? Оны қалай қалпына келтіруге болады?

– Коронавирус қорқынышын толығымен жеңу оңай шаруа емес. Менің ойымша, оның қажеті де жоқ. Өйткені бұл тұрғындардың карантин шараларына немқұрайлы қарап, санитарлық талаптарды сақтамауына әкеп соғуы мүмкін. Дәл қазіргі уақытта оған жол беруге болмайды. Қауіп әлі сейілген жоқ. Ауру жұқтыру қауіпі әлі де жоғары.

Біз сабыр сақтап, санитарлық талапарды бұлжытпай орындауымыз керек. Саулық – сақтықта. Осыны естен шығармаған абзал. Қазіргі жағдайда инфекциядан қорқу қалыпты жағдай, сондықтан онымен күресудің мәні жоқ. Ең бастысы - оның фобияға айналуына жол бермеу.

– Сіз ауруханада «қауіпті аймақта» жұмыс істедіңіз, науқастар қандай мәселемен жиі жүгінуші еді?

– Мен 3 айға жуық «қызыл аймақта» ковидті науқастармен жұмыс істедім. Науқастардың басым бөлігі бойларын мазасыздық, үрей мен өлім қорқынышы билеп алғанын айтып шағымданды. Оларда өздерін басқара алмау және дәрменсіздік сезімдері болды, тыныс алуда қиындықтар болды және бұл олар үшін өте қорқынышты болды.

Мен олармен үнемі әңгіме жүргіздім, түрлі кеңестер бердім, қорқыныш, үрей деңгейін төмендету үшін психокоррекциялық жұмыстар жүргіздім, суицидтік мінез-құлық қаупін жойдым. Жасыратыны жоқ, ондай науқастар болды.

– Ковид шынымен жүйкеге әсер ете ме?

– Ия, өкінішке қарай ковид адамдардың психикасына әсер етті. Әсіресе, инфекцияның ауыр түріне шалдыққандарда айқын байқалды. Мазасыздық, депрессия, күйзеліс, тіпті суицид инфекцияның жаңа «жанама әсерлеріне» айналды.

Сонымен қатар, жаралы жүрек синдромы немесе стресстік кардиомиопатия деп аталатын сирек кездесетін жағдайдың танымалдығы артып келеді.

Синдром сол жақ қарыншаның алдыңғы қабырғасының миокард инфарктісіне тән ЭКГ-ның өзгеруімен қатар жүретін жүрек жеткіліксіздігінің немесе кеуде қуысының ауырсынуымен көрінеді.

– Неліктен оқшаулау мен карантин көпшілік үшін моральдық тұрғыда өте қиын болды?

– 2020 жыл – белгісіздік пен үлкен алаңдаушылық жылы болды. Наурыз айының соңында бүкіл әлемде алғаш рет өзін-өзі оқшаулау режимі енгізілді. 3 айға жуық уақыт біздің әдеттегі өміріміз тоқтап қалды, жұмыс пен оқу онлайн режиміне ауыстырылды.

Біз өзімізді коронавирустан құтқару үшін оқшауландық, бірақ өзімізді өзімізден құтқара алдық па? Оқшаулану көп адамның төзімін тауысты. Сондықтан адамдар депрессияға ұшырады. Паранойя деңгейі жоғарылап, ойлау қабілеті төмендеді. Оқшаулау бізге осылай әсер етті.

Себебі, ә дегенде болып жатқан оқиғалар түсініксіз болды. Әртүрлі дереккөзден түсініксіз ақпараттар тарады. Міне, осының бәрі адамға жағымсыз әсер әкелді.

– Сіз практикалық психолог ретінде пандемия кезінде адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Үрейге бой алдырмау. Ақпарат көздерін бақылау және оның сіздің жағдайыңызға әсер етуіне жол бермеу керек. Ақпараттың пайдалы тұстарын ғана алу керек. Ең бастысы мынаны ұмытпаңыз, пандемия өтеді, қалыпты өміріміз қайтып оралады. Қауіпсіздік шараларын ұстансақ, бәрі жақсы болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар