Психикалық ауруға шалдыққандарға қару алып жүруге рұқсат беріліп келген - Қаржы полициясы

None
None
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - 2010 жыл мен 2013 жылдың І тоқсаны аралығында Қазақстанда психикалық ауруға шалдыққандар мен есірткі құмарларға 1800-ден астам жүргізуші куәліктері мен қару алып жүруге қатысты 61 рұқсат берілген. Бұл туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) баспасөз қызметінен хабарланды.

«Қаржы полициясының талдама бөлімшесі 2010 жылдан бастап 2013 жылдың І тоқсаны аралығында Қазақстанда психоневрологиялық диспансерлер мен наркологиялық есепте тұрған аурулар мен есірткі құмарларға, оның ішінде шизофрения, шизоаффективті психоз, созылмалы және жедел сандырақ ауытқулары бар адамдарға 1826 жүргізуші куәліктері мен қару алып жүруге 61 рұқсат берілгенін анықтады», - делінген баспасөз баянында.

Бұл ретте берілген жүргізуші куәліктері мен қару алып жүруге берілген рұқсаттың күшін жою үшін сотқа шағым түсіруге прокуратура органдарына өтініш жіберілді. Одан басқа Қаржы полициясы жіберген материалдар негізінде жүргізуші куәліктерін алу үшін медициналық анықтаманы қолдан жасаған беймәлім азаматтарға қатысты ҚР ҚК 325 бабымен белгілерімен (жасанды құжат, мөр, бланктер, мемлекеттік наградаларды жасау) қозғалған 25 қылмыстық іс тексерілуде.

Бұған дейін де хабарланғандай, Павлодар облысында тексеру нәтижесінде 2011-2012 жылдары диагноздың ауыр түрлері қойылған, оның ішінде шизофрения, шизоаффективтік психоз, созылмалы және жедел сандырақ ауытқулары бар психоневрологиялық диспансер пациенттеріне жүргізуші куәліктерін берудің 24 фактісі анықталған.

Соңғы жаңалықтар