«Протон-М» зымыраны Байқоңырға жеткізілді

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Жоспарға сәйкес, «Спектр-Рентген-Гамма» ғарыш обсерваториясы Байқоңыр ғарыш айлағынан 2019 жылдың екінші тоқсанында ұшырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Роскосмос баспасөз қызметі «Спектр-РГ» ғарыш аппаратын алып ұшатын «Протон-М» тасымалдаушы зымыраны Байқоңырға жеткізілгенін мәлімдеді.

«Протон-М» тасымалдаушы зымыранының М.В. Хруничев атындағы ғарыш орталығында жасалған блоктары, бас бөлігі, сондай-ақ С.П. Королев атындағы «Энергия» ғарыш-зымыран корпорациясында шығарылған ДМ-03 үдемелі блоктары тиелген вагондар Төретам стансасына келіп тоқтады. Пойыз одан әрі Байқоңыр ғарыш айлағының 92-алаңына жіберілді. Зымыран сонда құрастырылады.

«Спектр-РГ» ғарыш обсерваториясы - Ресей және Германияның халықаралық жобасы. Ол орбитада толқын ұзындықтарының рентген диапазонында Ғаламды зерттеуге арналған астрофизикалық обсерватория салу үшін ұшырылмақ.

«Спектр-РГ» ғарыш аппаратының басты мақсаты - электромагниттік сәулеленудің рентген диапазонында Ғаламды зерттеу және Ғаламның адамзат бақылайтын бөлігінің «картасын» жасау.

«Протон-М» - Ресейдің 2019 жылы Байқоңырдан ұшыратын алғашқы ауыр зымыраны болмақ. 2018 жылы Қазақстан ғарыш айлағынан екі «Протон» зымыраны ұшырылған болатын. Оның екеуі де «Благовест» сериясының әскери спутниктерін орбитаға сәтті шығарған.




Автор: Сара Қабиқызы

Соңғы жаңалықтар