Прокурорлар өтініші бойынша ереуілге қатысқан 676 адам қамақтан босатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі тәртіпсіздіктер бойынша 8354 әкімшілік іс сотқа жеткен. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкімшілік құқық бұзу фактілеріне жеке тоқталып өтейін. Соттар осы оқиғаларға байланысты барлығы 8354 әкімшілік істі қарады. Соттар мен прокурорлар жеңілдететін мән-жай мен кінәлі адамдардың өкінгенін ескеріп отыр. 3337 құқықбұзушыға қамаққа алу немесе айыппұл түрінде жаза қолданылмай, ескерту ғана жасалды. 1653 іс бойынша сот айыппұл салды. Осы сәтте 1002 адам қамақта», - деді ол.

Айтуынша, қамақтағы адамдардың әкімшілік жазасын жеңілдету мақсатында прокурорлар апелляциялық сотқа 1758 өтініш хат енгізген.

«Қазіргі таңда прокурорлардың өтініш хаттары бойынша 676 адам қамақтан босатылды. 344 адамның айыппұлы ескертуге ауыстырылды. Прокурорлардың жазаны жеңілдетуге және айыппұлды ескертуге ауыстыруға бағытталған 738 өтініш-хаты қаралып жатыр. Бұдан бөлек, тағы 358 әкімшілік іс материалдары сотқа жіберілмей тоқтатылды», - деді Бас прокурордың аға көмекшісі.


Соңғы жаңалықтар