Прокурорлар қандай жағдайда тексерулер жүргізеді – заң жобасы

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы Конституцияның 83-бабына сәйкес әзірленді. Конституцияның бұл бабында прокуратураның негізгі функциялары бекітілген. Олар – мемлекет атынан жоғары қадағалау мен қылмыстық қудалауды жүзеге асыру және сотта мемлекет мүддесін білдіру. Конституцияда жоғары қадағалау әрі сотта мемлекет мүдделерін білдіру заңда белгіленген шекте және нысандарда жүзеге асырылады делінген. Заң жобасында біз осы конституциялық ұстанымдардың шегінен шықпаймыз, тек прокуратураның қадағалау және басқа да өкілеттіктерін нақтылап ашып, бір жүйеге келтіреміз», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев

Бірінші тарауда прокуратура қызметінің мақсаттары мен принциптері, құқықтық негіздері және басқа да мәселелер берілген. Екінші тарауда прокуратураның жүйесі нақтыланып, онда тиісті құзыреттер анықталды.

«Құжатта әр буындағы прокуратура органдарына тоқталып, олардың құзыретін бекіттік. Атап айтсақ, Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті, Құқық қорғау органдары академиясы, облыстық, аудандық немесе әскери және көлік прокуратураларына дербес тоқталып, олардың негізгі қызметтері бекітілген. Прокуратура органдарының өкілеттігі жеке бапта көрсетіледі. Ол бапта аудандық сатыдан бастап, Бас прокуратураға дейін қандай құқықтар мен міндеттер бар екені анық көрсетілген. Біз оларды жүйеге келтіріп, барынша Конституциялық заңда бекітуге ұмтылдық», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Сонымен қатар ол заң жобасында жоғары қадағалаудың үш нысаны бекітілгенін айтты. Олардың қатарында тексеру жүргізу, заңдылықтың жай-күйіне талдау жасау, күшіне енген актілерді бағалау ескерілген

«Тексеруді Президенттің, Бас прокурордың тапсырмасы және облыстар мен аудан прокурорларының шешімі бойынша жүргізетін боламыз», - деді Ә. Шындалиев.

Өтініштерді қарағанда немесе тексеру жүргізген кезде прокурор 3 жұмыс күнге дейін лауазымды адамдардың актілері мен әрекеттерін тоқтата тұруға құқылы.

Мұндай қадам адам өмірі мен денсаулығына, мемлекет мүддесіне зиян келуі мүмкін болған жағдайда іске асырылады. Өтініштер бойынша прокурор өзі тексеру жүргізе алады немесе тексеруді өкілетті органға тапсырады.


Соңғы жаңалықтар