Прокурор судья Серімовті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда əділетсіз сот шешімін шығарған судья Өмірзақ Серімовтің ісіне қатысты жарыссөз өтті. 2012 жылы Серімовтің үкімінен соң Светлана Тұрғамбаева өзін-өзі өртеп жіберген еді.

Прокурор судья Өмірзақ Серімовті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

«Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімов ҚР ҚК 350-бабының 2-бөлімі, 307-бабының 4-бөлімі бойынша өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарғаны дәлелденді. Өмірзақ Серімовті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. ҚР Тəуелсіздігіне 25 жыл толуына орай рақымшылық туралы заңына сəйкес бұл мерзімді 4 жыл 5 айға дейін қысқартуды сұраймын", - деді прокурор.

Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 7 жылға дейін мемлекеттік қызметке орналасуына тыйым салуды сұрады.

Сондай-ақ, Өмірзақ Серімов өртеніп кеткен Тұрғамбаеваның отбасына материалдық шығынды түгел өтеген.

Арызданушы Айнұр Омарбаева ( Тұрғамбаеваның қызы) Серімовке қатысты арызын қайтып алуды өтінді.

Айта кету керек, қайғылы оқиға 2012 жылы болған еді. 5 баланың анасы, 57 жастағы әйел Светлана Тұрғамбаева үйін тартып алуға келген сот орындаушыларының, көршілерінің, отбасының алдында бензин құйып, өзін-өзі өртеп жіберген болатын.

Денесінің 85 пайызын күйік шалған әйел ауруханада үш күннен соң қайтыс болды.

Қоржымбаевтар отбасы бұл үйді 2010 жылы 6 сәуірде Мыңбаева Баян деген келіншектен сатып алған. Алдыңғы қожайыны оны азаматтық некедегі күйеуі қайтыс болғанда мұра ретінде рәсімдеп алған екен. Мыңбаеваның некесін Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов 2009 жылы заңды деп тапқан.

Бір жылдан соң қайтыс болған ер адамның інісі Масақов Миллетхан «мен жалғыз мұрагермін» деп арыздана бастайды. Содан соң судья Серімов өзінің некені заңды деп тапқан шешімін жоққа шығарады.

Соның кесірінен Мыңбаева заңды мұрагер болмағандықтан, Қоржымбаевтардың сатып алу туралы шарты да заңсыз деп танылады.

Үйдің бұрынғы иесі мен Мыңбаеваның некесін заңды деп тапқан, кейін өзінің шешімін қайтып алған Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов қайғылы оқиғадан соң 2 айдан кейін жұмысына жарамсыз деп қызметінен шеттетіледі.

Қазір Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімов ҚР ҚК 350-бабының 2-бөлімі, 307-бабының 4-бөлімі бойынша өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарғаны үшін айыпталып отыр.

Фото: qasym.kz

Соңғы жаңалықтар