Прокурор істердің жекелеген санаттарына ғана қатысатын болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Жоғарғы соты мамандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева талап-арызды қабылдау және қарау рәсімін жеңілдейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында заңнаманың барлық қарама-қайшылықтары мен дүдәмал тұстар азаматтарға түсіндірілуі тиіс екенін тағы бір рет атап өтті. Қазіргі таңда сот ісін жүргізудің үш түрі бар, олар: қылмыстық, әкімшілік және азаматтық сот ісін жүргізу. Барлық даулар, оның ішінде азамат пен мемлекет арасындағы даулар бірыңғай ережелер бойынша қаралады. Атап айтқанда, тараптардың теңдігі, күрделенген тәртіп ескерілген, сондай-ақ сот дәлелдемелерді жинаудан босатылған», - деді А. Қыдырбаева Парламент Мәжілісінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасының таныстырылымы барысында.

Оның сөзіне қарағанда, әкімшілік әділет қалыптасқан шет елдерде бұған керісінше жағдай байқалып отыр, судья дәлелдемелерді өзі жинайды, істі қараудың жеңілдетілген тәртібі қолданылады.

«Бізде әлі күнге дейін жария-құқықтық дауларды шешудің толыққанды тәртіп жоқ. Барлық қиындықтарды азамат өзі шешеді. Азамат мемлекеттік органдар мен сотқа жалғыз қарсы тұрады. Жағдайды прокурордың іске қатысуы да қиындатады. Бірақ прокурор мемлекеттік органның жұмысын алмастыруға тиісті емес. Неге азамат дұрыс талап берсе де, заң бойынша ұтылады? Себебі, қазіргі азаматтық процесте дәлелдер келтіріп, талабының дұрыс екеніне сотты сендірген адам ұтады. Азаматтық процестің заңдары бойынша сот тараптардың ұсынған дәлелдеріне баға береді, өз бетімен талап-арыздың шегінен шығып, әділетті шешім қабылдай алмайды. Мұндай жағдай тараптардың теңсіздігін көрсетеді. Бұдан басқа, процестің лабиринттері азапматтарға жеңіп шығуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан жобаның мақсаты – азамат пен мемлекет арасындағы дауларды шешудің оңай әрі жеңіл тетігін табу», - деді

Оның атап өтуінше, Кодекстің жобасы талап-арызды қабылдау және қарау рәсімін жеңілдетеді. Судьяны көптеген керек емес ұйғарымдар шығарудан босатады.

«Іс талап-арыз берілген уақыттан бастап қозғалған болып саналады, олардың 4 түрі бар: дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы, әрекет жасау туралы, тану туралы. Барлық талап-арыздар сотқа бір ай мерзімде беріледі. Прокурордың қатысуы қысқартылады. Прокурор істердің жекелеген санаттары (салықтық, кедендік, экологиялық, бюджеттік даулар) бойынша қатысатын болады», - деді Айгүл Қыдырбаева.


Соңғы жаңалықтар