Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Істі қарау барысында прокурор айыпталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі, 28-бабы 3-бөлігі және 125-бабы 2-бөлігі 1,8-тармағында қаралған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұраймын. Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі бойынша – 6 жылға бас бостандығынан айыру, 28-баптың 3-бөлігі және 125-баптың 2-бөлігі 1,8-тармағы бойынша – мүлкінен айырусыз 8 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде неғұрлым қатаң жаза, яғни Сатыбалдының мүлкін тәркілеусіз 8 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын», - деді прокурор Азамат Сәрсембаев.

Сондай-ақ, прокурор Г. Сатыбалды жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі абақтыда өтеуін сұрады.

Еске салайық, Г. Сатыбалды кәсіпорындардың қатысу үлесін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергеуге алынған еді. Жәбірленушіге келген залал сомасы – 6,6 млрд теңгеден асады.

Сондай-ақ, Гүлмира Сатыбалдының сотқа дейінгі тергеу кезінде шекара асып кетпек болғаны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар