Прокурор егіздерін өлтірген ерлі-зайыптыға қатал жаза тағайындауды сұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан қылмыстық істің сотында прокурор егіздерін өлтіріп, тұңғышын қаңғыртып жіберген ерлі-зайыптыға ең қатал жаза тағайындалуын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Сот алдында өлген балалардың ата-анасы - 29 жастағы Өзбекстан азаматы Эмиль Гильмутдинов пен 34 жастағы Алла Волченко жауап беріп жатыр. Оларға қатысты ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі 1,3,7 (кісі өлтіру) тармақтары және 119-баптың 1 бөлімі (қараусыз қалдыру) бойынша іс қозғалған.
«Эмиль Гильмутдиновты ҚР ҚК 99-бабы, 1,2,3-бөлімдері бойынша өмір бойы бас бостандығынан айрылуын сұраймын. Ол өзі істеген әрекетіне толық жауап бере алатын халде болған. Ал Алла Волченконы 19 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», - деді прокурор Есдәулетов.
Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы екеуін де ішімдікке құмарлықтан мәжбүрлі түрде емдеу туралы ұсыныс айтты.
Бұған дейін Волченконың қорғаушысы сотталушының жазасын жеңілдетуге барын салатынын мәлім етті. Тергеуші сұрақ-жауап алу барысында Волченконың күйеуінің жоспары туралы білгенін айтқан еді.
Еске сала кетсек, 11 қыркүйек күні жантүршігерлік оқиға Түріксіб ауданында болған. Көппәтерлі үйлердің бірінде тоңазытқыштың ішінен сәбилердің мүрдесі табылған . Сол күні Медеу ауданында адасып жүрген екі жастағы ер бала полицияға жеткізілді. Бала өлген егіздердің ағасы екені анықталды. Егіздердің өліміне күдікті ретінде олардың ата-анасы  ұсталды. Қазіргі уақытта сот алдында  Қазақстан азаматшасы Алла Волченкомен оның азаматтық некедегі күйеуі Өзбекстан азаматы Эмиль Гильмутдинов жауап беруде. Оларға қатысты ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі 1,3,7 (кісі өлтіру) тармақтары және 119-баптың 1 бөлімі (қараусыз қалдыру) бойынша іс қозғалған.  

Соңғы жаңалықтар