Прокуратураның рейдінен соң ШҚО ауылдарында жолдар жөнделуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Күршім ауданының прокуратурасы жергілікті ауылдардағы жолдардың жөнделуіне ықпал етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасына сілтеме жасай отырып.

Прокуратура қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесе отырып, бұрын жөнделген жолдарға рейд жұмыстарын жүргізді. Олар аудан орталығындағы ауылдық округтердің барлығындағы көліктер мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды тексеріп шықты. Осы шараның ізін ала мердігерлер бірден бірнеше трассаға жөндеу жүргізді.

Ауданның барлығы 55 км болатын 34 көлік жүретін жолдары мен көшелер тексерілді. Тексеру барысында мердігер ұйымдардың өздеріне бекітілген міндеттерді орындамағандығын айғақтайтын бірнеше факті анықталды.

Мысалы, Күршім ауылында Б.Момышұлы мен Исабекова көшелерінде асфальттың дұрыс төселмегендігі және оның салдарынан ойдым-ойдым жерлердің пайда болғандығы анықталды. Жүргізілген жөндеу жұмыстары барысындағы кемшіліктер Марқакөл, Боран, Абай, Ақбұлақ, Төсқайың, Қалғұтты, Маралды, Күйген ауылдарында да табылды.

Бақылаушы орган жіберілген кемшіліктерді қалпына келтіру жөнінде ұсыным енгізді. Прокуратура мен аудан әкімдігі бірлесіп жүргізген жұмыстардың нәтижесінде мердігер ұйымдар осы уақытта-ақ аудан орталығындағы 12 көшедегі жолды жөндеп үлгерді. Қазіргі таңда өзге аудандардағы жол бойындағы кемшіліктерді қалпына келтіру шаралары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар