Прокуратура ұшақтарды күрделі жөндеуде жалған құжаттар ұсынылғанын анықтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас көлік прокуратурасы шағын авиация субъектілеріне тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.

«Азаматтық авиация комитетінің қызметкерлері мен тәуелсіз мамандар (авиаторлар) тартылған тексеру нәтижесінде, көптеген бұзушылықтар, оның ішінде ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін кемшіліктер анықталды», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, Алматы және Қостанай облыстарының аумағында «АН-2» әуе кемелерін пайдаланатын авиакомпаниялар олардың планеріне, қозғалтқышына және әуе ебелектеріне (винт) жоспарлы түрде техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Оған қоса авиатехниканы жөндеуге жұмсалатын қаржыны үнемдеу мақсатында ұшу сағаттары төмендетіліп көрсетілген.

Қарағанды облысында оқу-жаттығу ұшуына арналған «FK14 Polaris» әуе кемелері типтік емес әуе ебелектері (винт) пайдаланылған.

Алматы әуекомпаниясы түпнұсқасы расталмаған әуе кемелерінің агрегаттары мен жиынтықтаушы бұйымдарын пайдаланған.

Қостанай облысының әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді тиісті рұқсаты жоқ мамандар жүргізген.

Сонымен қатар, Алматы облысындағы әуекомпанияның ұшқыштары ұшар алдындағы міндетті медициналық тексеруден өткізілмеген. Қостанай облысында болса, белгіленген жұмыс және ұшу уақытының нормасынан артық ұшуларды орындаған.

Сертификаттау рәсімінен өту кезінде әуе кемелерінің планеріне (1 бірлік), қозғалтқышына (2 бірлік) және винтіне (50 бірлік) күрделі жөндеу жүргізу туралы жалған құжаттарды пайдалануға қатысты 53 факті анықталған.

«Бас көлік прокуратурасы Инвестициялар және даму министрлігіне аталған заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізген. Жалған құжаттарды пайдалану жөніндегі материалдар сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін Көліктегі ішкі істер органдарына жолданған», - делінген хабарламада.

 

Соңғы жаңалықтар