Прокуратура өкілі Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау прокуратурасының өкілі Бақытгүл Хаменоваға 7 жыл жаза беруді ұсынды. Бұған қоса ол «Құрмет» орденінен айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін, 31 қазанда Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы қайта жалғасты. Сот отырысында прокуроратура өкілі Лаура Асанова облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан және «Құрмет» орденінен айыруды ұсынды.

«Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Мерзімді өтеу орташа қауіпсіздік мекемесінде анықталсын. Сотталушыда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны үш жылға дейін кейінге қалдыруды сұраймын», -деді Лаура Асанова.

Прокуратура өкілі облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевты 7 жылға, пара беру күдігіне ілінген Өміртай Адамовты 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексі 366-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесі 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс түсті.

Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына 2020 жылғы наурызда тағайындалған еді.

Былтырғы желтоқсанда ол тергеу изоляторына қамауға алынды.

Осыған байланысты биылғы тамызда облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатылды .

Ал, 11 тамызда Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы басталды. Оның ісі Атыраудағы №2 қалалық сотта қаралып жатыр. Айыптау актісі 55 беттен тұрады.

Алғашқы сот отырысында Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Сот отырысы 6 қыркүйекте қайта жалғасып, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары

жіберген қателігі туралы айтты.

Бұдан кейінгі сот отырысында басқарма басшысы оған жала жапқаны туралы айтқан еді.

Кейін Бақытгүл Хаменова тағы да тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберілмегенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар