Прокуратура бейсбол таяғы мен пышақтың еркін сатылуына қарсылық білдірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық прокуратурасы жастардың қалтасындағы пышақ пен бейсбол таяғы еркін қылмыс құралына айналғанына алаңдап отыр. Суық қаруды ұстауға тыйым салынғанын студенттер мен оқушылар арасында кеңінен насихаттауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша ұрлық, тонау деректері азаймай тұр. Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жаслан Дәулембаевтың айтуынша, өңірде тіркелген қылмыстың 64 пайызы өзгенің мүлкін ұрлауға байланысты болып отыр.

«Қылмыс санын азайту үшін бірнеше ұсыныс беріп отырмыз. Біріншіден,  ұрланған заттарға сұранысты жою қажет деп есептейміз. Ол үшін қара металл тапсыру, аккумулятор қабылдау орындарын бақылауға алып, жеке куәлігі жоқ адамдармен байланысты үзуге кеңес беріледі. Ломбардтарда бейнекамера болады, алтын бұйымдарын тапсырушылардың жеке куәлігі сұралады. Ал баспаханалар тауарлардың маркасы мен алтын бұйымдардың бағасын жазуға арналған қағазды шығармауы тиіс. Жеке кәсіпкерлермен арада меморандум бар»,- деді Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жаслан Дәулембаев.

Прокуратура қылмыстың алдын алу үшін базарлар мен сауда үйлеріндегі қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды. Яғни, сатушылар қырағы болып, ұрлықшыны өзі ұстап, полиция шақыруы тиіс. Әрі күзетшілер тек сауда бутиктерін емес, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйренуі шарт. Ақтөбеде өткен «Қоғам және қауіпсіздік» жиынында Ақтөбе прокуратурасы кез келген жерде пышақ, бәкі сатуға тыйым салу қажет екенін айтты. Әрі бейсбол таяқшасының сатылғанына қарсы. Себебі, Ақтөбеде спорттың бұл түрі дамымаған, сұраныс та жоқ. Яғни, қазір бейсбол таяқшасы қылмыс жасау құралына айналып кеткен.

«Кейбірі ұрлықты табыс көзіне айналдырған. Тіпті, тергеу кезінде де ұрлық жасайды. Шынын айтқанда, ондай адамдар есірткіге тәуелді болып келеді. Олар ауру, сол қорытындыға сәйкес медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Өз еркімен емделмесе, мәжбүрлі түрде баруға шешім шығарған жөн. Өңірде пышақ ұстау қалыпты құбылысқа айналды. Қоғам, ата-ана оған назар аудармайды. Биыл мектеп түлегі дәл осылай қылмыс жасады. Мұндай дерек аз емес. Біз жоғары сынып оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындары арасында құрдастарымен арадағы қарым-қатынасты сақтау, мәселені бейбіт жолмен шешу жолдарын үйретуді, түсіндіруді ұсынамыз. Суық қару ұстау - әлсіздің ісі екенін ұғындырған жөн. Бұл заңсыз екенін білуі тиіс»,- деді Ж.Дәулембаев.

Ақтөбе полициясы қоғамдық бақылауды күшейтуді сұрайды. Қоғамдық көмекшілерге әлеуметтік көмек қарастырылса, әкімшілік, қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға болады.

«Ақтөбе қаласындағы 24 арнайы орта және жоғары білім беру мекемелерінде 314 студент қоғамдық көмекші атанды. Олар учаскелік инспекторлармен бірге оқу орындарындағы тәртіпті бақылайды. Қоғамдық көмекшілердің құқығы заң аясында қорғалмаған. Олар қызмет аясында жарақат алса, сақтандыру жұмыстары жүргізілмейді. Қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік қарастырылмаған. Ішкі істер департаменті осы бағытта заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ұсыныстар жіберді»,- деді облыстық ІІД бастығының орынбасары Абзал Шотанов.

Соңғы жаңалықтар