Прокуратура базардағы малды қатаң тексеруді талап ете бастады - ОҚО

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында сатылатын малдар қатаң тексеріледі. Өңірдің прокурорлары мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында осындай шараларды қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Прокурорлар берген мәліметтерге сүйенсек, тек соңғы 5 жылдың ішінде облыста  мал ұрлығына қатысты 9 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, ұрланған малдың саны 35 мыңнан асып кеткен. Осылайша барымташылар оңтүстік тұрғындарын ең негізгі күнкөріс көзінен айырған.

«Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл» жобасы аясында ұрланған малдың саудаға салынуы және олардың  еті мен өнімдерін заңсыз тасымалдаудың жолын кесу мақсатында  қадағалаушы орган өкілдері  Түлкібас ауданында - 4, Түркістанда - 2 және Созақ ауданында - 1 ветеринарлық бекеттерінің ұйымдастырылуына мұрындық болды.

«Мақтаарал, Қазығұрт ауданы прокурорларының ұсынысымен жергілікті бюджеттен «Сақшы» тобын құруға және стационарлық бекет орнату үшін тиісті қаржы бөлінді. Сонымен қоса, Сарыағаш ауданында, мал басын бірдейлендірілуін тексеруге арналған техникалық құралмен жабдықталған 5-жылжымалы бекет жұмыс жасауда. Ауданның ең ірі мал базарында он-лайн режимде жұмыс жасайтын 4 бейнебақылау камерасы орнатылған», - дейді облыс прокукорорының орынбасары Әбіл Қожахметов.

Прокурордың сөзінше  соңғы жарты жыл көлемінде мал басын заңсыз тасымалдаудың 100 фактісі анықталып, 10 тоннадан астам ет өнімдері саудадан алынған. 20 мал базары иелерімен келісім-меморандумға қол қойылып, иесіз жүрген малды уақытша ұстайтан 13 орын құрылды. ветеринария саласы бойынша 58 лауазым иесінің тәртіптік жауапкершілігі шешілген. Ауқымды шаралардың арқасында өңірде мал ұрлығы 37,5 пайызға төмендеген.

Соңғы жаңалықтар