Профибоксшы Нұрзат Сабыров канадалық промоутермен келісімшартты үзді

None
None
⠀НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Рингте жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Нұрзат Сабыров (11-0, 9КО) Канаданың «Eye of the Tiger Management» промоутерлік компаниясымен келісімшартын үзді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Le Journal de Quebec»-ке промоутерлік компанияның вице-президенті Камил Эстефан мәлім еткендей, Н.Сабыров ресейлік боксшылар Артур Зиятдинов пен Андраник Григорянмен бірге промоушнмен келісімшарттан босатылды. Шарттың бұзылу себебі нақтыланған жоқ.

Екінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы профидегі алғашқы айқасын 2017 жылы бастады және барлық жекпе-жегін Канадада өткізді. Ол соңғы рет рингке биылғы 21 ақпанда шықты. Римуске қаласында өткен кездесуде Н.Сабыров төрешілердің бірауызды шешімімен мексикалық Рикардо Луна Флоресті (22-8-1, 14КО) жеңді.

Айта кетейік, «Eye of the Tiger Management» промоутерлік компаниясымен сондай-ақ, қазақстандық Садриддин Ахметов (11-0, 10КО) пен Батыр Жүкембаев (18-0, 14КО) жұмыс істейді. Ал Абылайхан Жүсіпов (11-0, 8КО) компаниямен келісімшартын 2018 жылы үзген болатын.



Соңғы жаңалықтар