Пробация қызметкерінің телефонына бірлік салған азаматша айыппұл төледі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада пробация қызметкерінің ұялы телефон нөміріне бірлік салғаны үшін пробациялық есепте тұрған азаматша 353500 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл оқиға Қызылорда қаласында болды. Пробация бақылауында жүрген азаматша қалалық пробация қызметкерінің ұялы телефон нөміріне 4700 теңге бірлік салған. Ол заңсыз сыйақы болып табылады. Бұл жөнінде пробация қызметкері азаматшаның іс-әрекеті туралы өзіндік қауіпсіздік қызметіне баяндаған. Нәтижесінде заңсыз сыйақы бойынша тиісті хаттама толтырылды. Хаттама Қызылорда облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолданды.

«Лауазымды тұлғаға заңсыз сыйақы берген азаматшаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 676-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Оған сот қаулысымен 353500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айта кету керек, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген қызметкерге немесе оған теңестiрiлген адамға көлемі 2 АЕК (5050 теңге) көрсеткішке дейінгі ақша, бағалы қағаздар, мүлiк немесе қызмет көрсету заңсыз сыйақы болып табылады. Ал, шығын көлемі одан асқан жағдайда ол пара болып табылады», - деп мәлім етті облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Мұрат Ысқақов.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында заңсыз сыйақы беру бойынша 4 әкімшілік іс қозғалған. Нәтижесінде оларға 1414000 теңге айыппұл салынған.

Соңғы жаңалықтар