Приозерск қаласында 45 отбасына пәтер кілттері табыс етілді

None
ПРИОЗЕРСК. ҚазАқпарат - Приозерск қаласында кезекте тұрғандар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған бес қабатты тұрғын үй тапсырылды. 45 отбасы пәтер кілтін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

31 жастағы Айнұр Асанова жеті жыл бойы тұрғын үйге кезекте тұрған. Ол екі баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Оған екі бөлмелі пәтер бөлінді.

«Жеті жыл бұрын мен күйеуімнен айрылдым. Бірнеше жылдар бойы балаларыммен бірге баспана жалдап келеміз. Айына 50 мыңға пәтер жалдадым. Коммуналдық қызмет ақысын төледім. Мұның бәрі отбасылық бюджетке ауыртпалық салды. Өз баспанаң болғаны нағыз бақыт. Мен өте ризамын», – дейді Айнұр.

Тұрғын үй көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, толық емес және аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға және азаматтардың басқа да әлеуметтік осал топтарына берілді.

«Жаңа қоныстанушыларды құттықтаймын және оларға жаңа пәтерлерде бақыт пен амандық тілеймін. Олардың көпшілігі бұл күнді жылдар бойы күтті. Алдағы уақытта аула аумағын абаттандыру жұмыстары жүреді», – деді Приозерск қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Жаңа тұрғын үй маңында балалар ойын алаңын жайластыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, сондай-ақ ауланы жарықтандыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда Приозерск қаласында тұрғын үйге кезекте 360 адам тұр.


Фото: gov.kz

Соңғы жаңалықтар