Прима-балерина Әйгерім Бекетаева: Балет - тәннің емес, жанның биі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алыстан қарағанда: мінсіз мүсін, түзу арқа, құс қанатындай қалықтаған қолдар... Тәкәппар, талғампаз, таңдай қақтырар сұлулық... Жақыннан қарағанда: нәзік, қарапайым... Бұл – «Астана Опера» опера және балет театрының прима-балеринасы Әйгерім Бекетаева туралы сөздер. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, прима-балеринаның бір күні қалай өтетін көзбен көріп, сұхбаттасып қайтты.

ӘР КЕЙІПКЕР ЖҮРЕК СҮЗГІСІНЕН ӨТЕДІ


- Сіздің, яғни балеринаның бір күні қалай өтеді?

- Сағат 08:30-09:00-де тұрамын. Күні бойы демалмайтындықтан, теңертең төсектен денеңді көтеру өте қиын. Таңғы астан кейін жұмысқа кетемін. Сағат 10:00-11:15 аралығында классикалық сабақ болады, бұл кезде денемізді негізгі жұмысқа дайындаймыз. 11:30-14:00-ге дейін репетиция болады. Түскі үзілістен кейін сағат 15:00-17:00 және 18:00-21:00-ге аралығында дайындық жүреді. Дайындықтың қаншалықты ұзаққа созылатыны қандай спектакль қойылатынына байланысты. Мысалы, 14-15 ақпанда жаңа спектакль қоямыз. Жаңа материалмен танысу үшін таңғы сағат 11:00-ден кешкі 21:00-ге дейін дайындаламыз. Ал бұрын қойылған спектакль болса – жетекші солист ретінде 2 сағат дайындалсам жеткілікті.


- Физикалық жаттығудан бөлек, эмоциялық тұрғыда қалай дайындаласыз?

- Бұл жерде кордебалеттің атқаратын рөлі зор. Мысалы, ортаға шыққан 32 қыз бір ырғақта өнер көрсетулері керек. Негізгі жүк жетекші солистерге түседі, себебі балеттегі оқиға арқылы көрерменге не айтқысы келетінін солар жеткізеді. Эмоциялық жағынан бізді педагогымыз дайындайды. Қазіргі кездегі педагогым – Алтынай Абдуахимовнаға алғыс айтқым келеді. Ол менің қарым-қабілетімнің жан-жақты ашылуына көмектесіп келеді. Өзі де сахнада өнер көрсеткендіктен, кейіпкерлердіңбәрін жүрегінен өткізген, сол себепті ол нені қалай үйрету керек екенін жақсы біледі. Педагогым кейіпкерімді жүректен қалай өткізіп, көрерменге қай қырынан көрсетуді таңдау мүмкіндігін өзіме қалдырды. Бізде 4 қыз – балет жетекші. Кейіпкерлерді көрермен қауымға әрқайсысымыз өзіміздің жүрек қалауымызша ұсынамыз.

АҚҚУ – МІНЕЗІ ЖАҒЫНАН МАҒАН ЖАҚЫН


- Бұл салаға келуіңізге анаңыз себепші болған екен. Таңдау мүмкіндігін өзіңізге берсе, қай салаға барар едіңіз?

- 9 жасымда анам мені Алматыдағы А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне алып барды. Ол жерде 8 жыл оқыдым. Одан кейін мені К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрына жұмысқа шақырды. Ол жақта 3 жыл кордебалетте болдым. 2013 жылдан бері «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында балет жетекшісі солисі болып келемін. Бұл жерге шақырылуым, өнер көрсетуім мен үшін үлкен бақыт болды. Егер анам мені осы салаға алып келмесе, мен қай саланы таңдауым мүмкін екенін білмеймін, себебі балет – менің өмірімнің мәніне айналып кетті.

- Өзіңіз сомдайтын қай кейіпкер жүрегіңізге жақын?

- «Аққу көлі» балеті жаныма жақын. Аққу – мінезі, темпераменті бойынша маған жақын. Мен жанжалдасуға құмар адам емеспін. Мінезді, тағдырлы кейіпкерлерді де сомдай алам, демек бойымда осы қасиеттердің бәрі бар-ау. Әр кейіпкерді қайта сомдаған сайын басқаша сезім, басқаша жеткізу болады. Балет сонысымен ерекше. Бұл жерде бәрі шынайы. Мысалы, фильмдегі кейіпкер жыласа – сіздің де жылағыңыз келеді, қайталап көрсеңіз – тағы да жылағыңыз келуі мүмкін. Ал балетте олай емес: бірінші жолы көрерменнің жүрегіне жол таба алсаң, келесі жолы басқаша сезім тудыруың мүмкін. Жалпы күрделі образ сомдағаннан кейін өз-өзіңе келуіңе 2-3 күн уақыт керек, өйткені адам денесі сахнада не сезінгенін бірден ұмытып кете аламайды.


КӨЙЛЕКТІ ӨЗІМІЗ ТАҢДАМАЙМЫЗ


- Балетте алғаш зақым алған кезіңіз есіңізде ме?

- Балет әртістерінің тұла бойы үнемі ауырып жүреді. Егер еш жерің ауырмаса – өліп қалумен тең. Алғаш рет 16 жасымда училищеде оқып жүрген кезімде жарақаттанып, 1 жыл академиялық демалыста болдым. Ал жалпы жарақаттану балет әртістері үшін қалыпты жағдай. Сахнаға шыққан кезде бәрін ұмытып кетесің, сахнаның құдіреті осындай. Қандай жағдай болса да балетті тастаймын деп ойлаған кезім болған емес. Күнде ұйықтар алдында бүгін балетке қатысты нені дұрыс істемегенімді, ертең қалай істеуім керек екенін көз алдыма елестетіп жатамын. Бір қателікті екінші күні қайталауға болмайды.


- Сахналық киімдер қалай таңдалады?

- Балеттегі әр кейіпкердің өз суретшісі, өз киімі болады. Қандай көйлек киетінімізді біз таңдамаймыз. Мысалы, бүгін «Дон Кихотты» билейміз. Бұл жолы қызыл түсті балет пачкасын киемін.


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САХНАЛАРДА ӨНЕР КӨРСЕТІП ЖҮРМІЗ


- Сізді не шабыттандырады?

- Мені педагогым мен бірге жұмыс істейтін әртістерім шабыттандырады. Маған шабыт сыйлау оңай. Әлдебір адаммен әңгімелесу, фильм көру, оянған кезде күн сәулесін көру – бәрі де маған шабыт сыйлайды. Техникалық жағынан мықты әртіс көрсең де сондай болмаққа ұмтылып, шабыттанасың.

- Спектакльдегі оқиға мен өміріңіздегі оқиғалар сәйкес келіп жататын жағдайлар бола ма?

- Мен әкесіз өстім. «Ромео мен Джульетта» қойылымында әкесі Джульеттаны тұрмысқа шығуға мәжбүрлеп ұрсатын үзіндісі бар. Мен де өмірімде осындай ер адамның мінезін сезініп көргім келеді. Әкемді көргім келе ме – білмеймін, әйтеуір ол әлі күнге дейін өмірімде пайда болған жоқ. Тағдырым солай шығар, оған ренжуіме болмайды.

- Шетелге сапарға шыққан кезде болған қызықты оқиға туралы айтып бере аласыз ба?

- Біздің мектеп – мықты, сол себепті халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленіп жүрміз. Шетелде өнер көрсету адамды толқытады. Өз еліңде өнер көрсету де – оңай емес, бірақ еуропалық көрермендер, Мәскеудегі көрермен өте талғампаз. Олар аты аңызға айналған әртістерді көрген, ал біз сияқты жас трупа олардың алдында өнер көрсетуі үшін өте қатты дайындалады. Қызықты жағдайларға тоқталар болсам: «асылып» қала жаздаған оқиғаны айтып берейін. Бірде «Париждегі Құдай Ана соборы» сахналанып жатты. Мен қойылым соңында мойныма ілмек асып алдым. Сол кезде Квазимодо менің басымнан оны шешіп алуы керек болатын. Бұл бірнеше секундта орындалуы керек әрекет еді, бірақ ол мойныма қысылып қалғандықтан, тартқан сайын мені қылқындырып бара жатты. Арты жақсы аяқталды, бірақ осындай оқыс жағдайлар болып тұрады.


ШЕТЕЛДІКТЕР «НАҒЫЗ ЖІГІТСІҢДЕР» ДЕП МАҚТАЙДЫ


- Балерина туралы шетелдік фильмдерді көрген кезде бақталастық, аяқтан шалу көп болатынын байқаймын. Сіздің ұжымда бұл жағы қалай?

- Бізде олай емес. Біз бір отбасының мүшесіндейміз, бір-бірімізге бауыр-қарындастай жақын болып кеткенбіз. Бір-бірімізге көмектесуге ұмтылып тұрамыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда мен қазақ болып туғаныма қуанам, себебі біздің менталитетіміз, тәрбиеміз басқаша. Еуропадағы балетпен айналысатын жігіттер қыз мінезді, майысқақ болады, ал біздің елдегі балет саласында жүрген жігіттердің бойында ер адамға тән қасиеттің бәрі бар. Гастрольдік сапар кезінде де ол айқын байқалып тұрады, себебі шетелдіктер «нағыз жігітсіңдер» деп мақтап жатады.

- Балеттен басқа немен әуестенесіз?

- Мен ұйықтағанды жақсы көремін. Үзіліс болған кезде тамақ ішпей қалсам да ұйықтап алуға тырысам. Нөмір бойынша сурет салу ұнайды, бұл менің жан дүниемді тыныштандырады. Кітап оқимын. Драма театрларына барып, спектакль көрем. Әрі қозғалып, әрі сөйлеп жүру арқылы өнер көрсету қалай қиын екенін түсініп, тамсанып отырып қараймын.


МЕНІҢ АЗАМАТЫМ ҚАЙДА ЖҮРГЕНІН БІЛМЕЙМІН


- Жеке өміріңізге уақыт қалай табасыз?

- 2-3 баласы бар балериналарды білемін. Отбасылық өмір олардың карьерасына кері әсер етпейді. Мен де жұмыс пен отбасыны үйлестіруге болады деп санаймын. Өз басыма келер болсам, менің болашақ азаматым әлі кездескен жоқ. Ол қайда екенін білмеймін. Мен де балалы болғым келеді. Театрда жүрген кезде кішкентай балаларды көрсем амандасып, құшақтап, еркелетіп аламын. Мен үшін ол кімнің баласы екені маңызды емес. Бұйыртқан күні Алланың қалауымен ол да болар.

- Әрдайым бабыңызда болу үшін қалай күтінесіз?

- Бұл жағынан мен жолым болған адаммын. Артық салмақ болмас үшін үнемі диетада жүретін қыздар болады. Менің табиғи болмысым осылай жаратылған. Таңғы аста нанға май жағып жеймін және өзімді басқа да тағамдардан да шектемеймін Тіпті түн ортасында тұрып, тамақ ішіп алуым мүмкін. Бізде күні бойы асықпай отырып тамақтанатын уақыт болмайды, сол себепті күніне бір рет қана тамақтанатын кездер болады. Ағзамыздағы дәрумендер тер арқылы шығып кететіндіктен, дәрумен ішіп жүруге тырысамыз.


ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРТКІМ КЕЛМЕЙДІ


- Балетте үздіктің үздігі екені қалай анықталады?

- Бұл адамның физикалық құрылымына байланысты. Секіру немесе шпагатқа отыру қиынға соғатын қыздар бар. Енді біріне эмоциялық жағынан қиын болуы мүмкін. Педагог оның бәрін байқап қояды. Менің ойымша, балетке келген әр адам кордебалетте болып, барлық сатылардан өту керек. Кордебалет – балеттің іргетасы. Балетке қатысатын әр адам бір сызық бойымен тұрып, топ құрамында жұмыс істей білуі керек. Рөлді жақсы алып шығуыңыз сахналық серігіңе де байланысты. Екеуіңнің араңда жақсы байланыс болмаса, жалғыз өзің керемет ойнап шыға алмайсың. Менің сахналық серіктерім – Олжас Тарланов, Еркін Рахматуллаев, Таир Гатауов, Арман Оразов, Бақтияр Адамжан. Оларға көп рахмет айтамын.

- Балалық шағыңызға хат жазар болсаңыз, не жазар едіңіз?

- Хат жазар болсам, осы өміріме риза екенімді, ештеңе өзгерткім келмейтіні туралы жазар едім. Менің өмірімде бар адамдардың бәріне алғыс айтар едім. Менің бойымдағы қабілетті байқаған анама рахмет. Алғашқы ұстазыма, интернатта 24 сағат бойы қасымнан табылған тәрбиешіме рахмет. Осы ұжымға шақырған басшылығыма, қазіргі педагогыма рахмет.

ӘРТІС ӨЗДІГІНЕН ӨСЕ АЛМАЙДЫ


- Рахметі көп адамсыз. Сізді солай тәрбиеледі ме, әлде бойыңызда бар қасиет пе?

- Менің ойымша, алғыс айта білу керек. Әртіс өздігінен өсе алмайды. Бұл жерде сені өнерге бағыттаған ата-анаңның, ұстаздарыңның еңбегі маңызды. Біздің сахнада мінсіз болуымыз тіпті оркестр, музыка, декорация, жарықтың қалай түсуіне де байланысты. Сондықтан оларға алғыс айтпау мүмкін емес.

- Карьераңыз аяқталғаннан кейін немен айналысуыңыз мүмкін?

- Маған осы сұрақты жиі қояды. Мен тіпті соны көз алдыма елестете алмаймын. Карьера қашан бітетіні әртістің өзіне қалай күтіммен қарайтынына байланысты. 40 жасында да сахнада жүретін әртістер бар, бірақ бұл жасқа жеткенде жастарға жол беру керек деп ойлаймын. Карьерам аяқталған кезде өнерде жинаған тәжірибемді жастарға үйретуім керек деп санаймын. Туыстарым «Жаттығу залына барып күнде бір нәрсені қайталай бергеннен жалықпайсың ба?» деген сұрақ қояды. Шын мәнінде сахнада 3 минут өнер көрсетіп, көрермендер бізден шабыт алуы үшін күні-түні жаттығу залынан шықпаймыз. Балет – бүгін келіп, ертең кете салуға болатын нәрсе емес, балетке келдің бе – тұтастай өмір жолыңды арнайсың.


- Балерина болғысы келетін қыздарға қандай кеңес айтасыз?

- Басты жауапкершілік – ата-анада. Көбі баласы көп шаршайды немесе жылап қалды деп алып кетеді. Педегог бала арқасын түзу ұстауды үйрету үшін оның арқасынан қағып қалуға құқысы бар деп ойлаймын. Есесіне бала оны ешқашан есінен шығармайды. Бұл мамандық жақсы көру керек, себебі бұл жерде өзіңді мәжбүрлеу арқылы жүру мүмкін емес. Спектакльдерге жиі келіп, жиі шабыт алу керек.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


РЕПЕРТУАРЛАРЫ:

Аврора («Ұйқыдағы ару», П. Чайковский)

Камилла («Роден», Б. Эйфман)

Джульетта («Ромео мен Джульетта», С. Прокофьев)

Одетта-Одиллия («Аққу көлі», П. Чайковский)

Фригия, Эгина («Спартак», А. Хачатурян)

Мари («Щелкунчик», П. Чайковский)

Зарема («Бақшасарай бұрқағы», Б. Асафьев)

Гамзатти, Никия («Баядерка», Л. Минкус) Эсмеральда («Париж Құдай анасының соборы», Р. Пети, М. Жарр)

Аққу («Ажал алдындағы аққу», К. Сен-Санс)

Китри («Дон Кихот», Л. Минкус)

Медора («Корсар», А. Адан)

Солист («Пахита», Л. Минкус пен Э. Дельдевез)

Сильфида («Сильфида», Х. Левенсхольд)

Флер де Лиз («Эсмеральда», Ц. Пуни)

Манон («Манон», К. Макмиллан, Ж. Массненің музыкасына)

Жастық шақ («How Long Is Now?» («Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?»), Р. Ребек)

Жетінші вальс («Шопениана», М. Фокин, Ф. Шопеннің музыкасына)

Жизель («Жизель», А. Адан)

Сванильда («Коппелия» Р. Пети, Л. Делиб)


Соңғы жаңалықтар