Президенттің жұмыс сапары: Қарағанды және Павлодар облыстары қалай дамиды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды және Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Ел Президенті өңір жұртшылығымен кездесіп, аймақтардың жетістіктері мен өзекті мәселелері жайлы сөз қозғады. Өңірлердегі қазіргі ахуал қалай? Мемлекет басшысы жергілікті билік өкілдері мен Үкіметке қандай тапсырма берді? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесуі барысында сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтып, Қарағанды облысының тарихы мен ел руханиятында алатын орны ерекше екенін де атап өтті. Сонымен қоса президент Қарағанды облысының даму барысын ұдайы назарда ұстайтынын айтып, өлкенің өркендеуіне серпін беретін бірқатар басым бағытты атады.

«Шешімін таппаған мәселенің бірі – жол мәселесі»

Мемлекет басшысы аймақтағы шешімін таппаған мәселенің бірі жол мәселесі екенін баса айтты. Соның ішінде Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп жатыр. Осы тұста, Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолын келесі жылы салып бітіруді тапсырды.

«Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы «Қарағанды – Жезқазған» күре жолының маңыздылығына тоқталып өтті. Егер бұл жол жөнделсе, жүк тасымалы көбейеді. Сондай-ақ Президент «Қарағанды – Қарқаралы» тасжолын жөндеу жұмысын алдағы екі жылдың ішінде аяқтауды тапсырды.

Сонымен қоса Мемлекет басшысы Қарағанды облысындағы тау-кен және металлургия өнеркәсібі еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуда айрықша орын алатынын, мұнда республикадағы мыстың тең жартысы, көмірдің үштен бірі, болаттың 85%-дан астамы өндірілетінін айтты. Президент биыл шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың пулын жасақтау қажеттігіне баса мән бергенін еске салды.

Моноқалаларды дамыту мәселесі

Қарағандыдағы өндіріс ошақтарының едәуір бөлігі 5 моноқалада шоғырланғанын атап өтіп, облыс халқының жартысына жуығы осы қалаларды мекендейтініне назар аударды. Сондықтан қала халқының тұрмыс-тіршілігін ірі кәсіпорындарға тәуелді қылмай, оларға аутсорсинг қызметін көрсететін кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа өнім өндіруге баса назар аудару қажеттігін ескертті.

«Қарағанды – еліміздегі урбанизация деңгейі ең жоғары облыс. Өңір халқының 80%-ы қалада тұрады. Мұндағы өндірістің едәуір бөлігі 5 моноқаланың еншісінде. Облыс тұрғындарының 40%-ы осында қоныстанған. Қала халқының тіршілігі ондағы ірі кәсіпорындарға тәуелді екені жасырын емес. Шағын қалалардан халық көшіп жатыр. Бұл – өзекті мәселе. Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек», – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси ахуалға және әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан сайын артқанын атап өтті. Осы тұста, Үкіметке «Saran» индустриялық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыруды 2023 жылы аяқтауды тапсырды. «Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағында бірқатар ірі кәсіпорын іске қосылып, перспективасы мол өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олар шетелдік компаниялардың өндірісін көшіретін алаңға айналуы тиіс. Ол үшін лайықты жағдай жасалуы керек. Үкіметке «Saran» индустриялық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыруды 2023 жылы аяқтауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Балқаш қаласының туристік әлеуетін арттыру

Сонымен қатар Президент Балқаш қаласының туристік әлеуетін арттыру үшін Балқаш жағалауын дамыту жоспарын әзірлеуді, Балқашқа ұшатын ұшақ билетін субсудиялау және қосымша әуе және теміржол рейстерін ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар ол ірі өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан облыс тұрғындары экология мәселесін жиі көтеретінін айтып, осы ретте ірі кәсіпорындарға қоршаған ортаның тазалығын сақтау жөнінде қабылданған міндеттемелерді, стандарттар мен нормаларды қатаң сақтау керек екенін ескертті.

«Экономиканы әртараптандыру ісінде Балқаш өзгелерге үлгі бола алады. Мұнда ірі өнеркәсіп орындарымен қатар туризм саласын өркендетуге зор мүмкіндік бар. Шағын қалалардағы тағы бір мәселе – инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы. Бұл мәселенің шешімін табу үшін қомақты қаражат керек. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет», – деді Президент.

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі

Мемлекет басшысы экологиялық проблемадан бөлек облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейтінін баса айтты. Мәселен, тек биылғы жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде қаза тапқан жұмысшылар туралы бірнеше оқиға тіркелгеніне назар аудару қажет екенін ескертті. Осы тұста, ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құю керек. Ал уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажеттігін жеткізді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің индустриялық қуатын арттыруға адал еңбегімен, маңдай терімен үлес қосып жатқан шахтерлер мен металлургтерге ризашылығын білдіріп, олардың еңбегі ерекше құрметке лайық екенін атап өтті. Осыған орай өнеркәсіп иелері шикізат бағасының оңтайлы сәтін ескере отырып, қарапайым жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге мүмкіндік табатынына сенім білдірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде шахтерлер Азаматтық кодекстің регрестік және зейнеткерлік төлемдер бөлігіне түзету енгізу қажеттігін біраз уақыттан бері айтып келе жатқанына тоқталып өтті.

«Адамдардың талап-тілектерін жақсы түсінемін. Бұл – зейнеткерлік және салық жүйелерін, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыруды өзгертуге қатысты өте күрделі мәселе. Үкіметтің белгілі бір әзірлемелері бар. Келесі жылдың басында Үкімет маған нақты ұсыныстар береді» – деді Президент.

«Қарағанды облысының 37 елді мекеніне биыл таза су беріледі»

Қасым-Жомарт Тоқаев облысты сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамыту өзекті мәселе екенін айтты. Президенттің дерегіне сәйкес, облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Осы тұста, басқа ауылдарды да уақыт созбай сумен қамтуды тапсырды. Сонымен қоса өңірдің өндірістік қуатымен қатар аграрлық әлеуетін арттыру да аса маңызды екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысының мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде жылқы саны 2 есе өсіп, 4 миллионға жеткен.

«Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын. Сонымен қатар ауылшаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасалды. Республика бойынша игерілмей бос жатқан 20 миллионнан астам гектар жайылым жер анықталды. Оны мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 4,2 миллион гектардан астам алқап қайтарылды. Соның ішінде 1,1 миллион гектар Қарағанды облысына тиесілі. Әлемде тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда жайылым тапшылығы деген – еш қисынға келмейтін нәрсе» – деді Мемлекет басшысы.

«Алдағы 3 жылда 28 мыңнан аса балаға жаңа мектептер салынады»

Сонымен қатар Президент Қарағанды облысының білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де назар аударды.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың тұрмысына тікелей әсер етеді. Ұрпақтың сапалы білім алуына баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған. Ол бүкіл ел көлемінде жүзеге асырылып жатыр. Алдағы 3 жылда Қарағанды өңірнің өзінде 28 мыңнан аса балаға арналған жаңа мектептер салынады. Осы тұста, бұл міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуына облыс әкімі тікелей жауап беретінін айтты.

«Келесі жылы жаңа мектеп салуға құрылыс басталады. Сондықтан жер телімін бөлу және оны коммуналдық желілерге қосу мәселесі қазірден бастап шешімін табуға тиіс. Бұл міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуына облыс әкімі тікелей жауап береді. Үкіметке осы жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

«Қарағанды медицина университеті жанынан аурухана салынады»

Мемлекет басшысының айтуынша, медициналық білім беру жүйесін дамыту – басты міндеттің бірі. Қарағанды медицина университеті бүкіл еліміз үшін білікті мамандар даярлайды. Бұл оқу орнын дәрігерлер ұстаханасы деуге болады. Сонымен қоса Президент облыстың спорт саласындағы жетістіктеріне тоқталып, спорт инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуға мән берілуі қажет екенін айтты.

«Құзырлы министрлік университеттер жанынан 5 аурухана салу туралы жоба ұсынды. Соның бірі Қарағандыда салынады. Университет клиникасының құрылысы келесі жылы басталуы керек. Оны заманауи құралдармен жабдықтау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті Қарағандының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, қаланы одан әрі тұрақты дамыту үшін қосымша жылу көздері қажет екенін еске салды. Осы ретте Үкіметке Қарағанды қаласының үшінші жылу желісінің құрылысына қажетті қаражатты шұғыл бөлуді тапсырды. Сонымен қоса ол жергілікті әкімдікке Жылу электр станциясы (ЖЭС) жаңа күл төгу орнын жобалаған кезде, қала тұрғындарының пікірін ескеруді, үлескерлер мәселесін шешуді, теміржол жолдары мен өндіріс аймақтары бөліп жатқан қаланың сәнін келтіріп, ажарын ашу үшін қаланың жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы мен жасыл желегіне көңіл бөлуді тапсырды.

Президент Қарағанды облысындағы жаңа кәсіпорындарды аралады

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында автобус және коммерциялық техника өндіретін QazTehna зауытының жұмысымен танысты.

Зауыт 2021 жылдан бері жолаушылар тасымалына арналған 347 автобус пен электробус құрастырып шығарған. Биыл жыл соңына дейін қоғамдық көлік желісін жаңарту бағдарламасы аясында өңірлерге 700-ден аса автобус пен электробус жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 208 автобус еліміздің тоғыз облысындағы білім беру ұйымдарына жіберілмек. Бүгінде зауытта 560 адам жұмыс істейді. Еңбек ұжымының басым бөлігі - Саран қаласының жергілікті тұрғындары.

Сондай-ақ Президент тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» және көлік дөңгелегін шығаратын «KamaTyresKZ» зауыттарының және өнім түрлерімен танысты.

«KamaTyresKZ» дөңгелек зауытын биыл жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын бастапқы кезде жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне арналған дөңгелектер шығарады. Кейін жобаның екінші кезеңінде транспортер, конвейер лентасы сияқты резинатехникалық бұйымдар, ал үшінші кезеңінде ауыл шаруашылығы техникасы дөңгелектерін өндіре бастайды. Зауыттың жобалық қуаты жылына 3,5 миллион дөңгелек шығаруға есептелген.

Ал құрылысы екі жылдан кейін аяқталуға тиіс «Silk Road Electronics» зауыты жыл сайын теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, асүй плитасы мен желдеткіш секілді тұрмыстық техникаларды шығарады.

Павлодар облысын дамытудың басымдықтары айқындалды

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Президент өңір жұртшылығымен кездесіп, бұл аймақта еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы өндірілетінін, мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығатынын, сондай-ақ бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұрғанын атап өтті. Сонымен қоса ол сөзінде өлкенің өркендеуіне серпін беретін бірқатар басым бағытты атады.

Павлодар облысына сапар: «3 жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артты»

Мемлекет басшысының дерегінше, соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жеткен. Мемлекет басшысы Павлодардағы экологиялық қозғалыс мүшелерінің жағдайға немқұрайлы қарамайтынын және ерекше белсенді екенін атап өтті. Сондай-ақ Павлодар мен Екібастұз жастарының жақында «EcoStudentKZ» республикалық экологиялық челленджін қолдап, студенттердің саябақтар мен гүлзарларды тазалағанынан хабардар екенін айтты.

Сонымен қоса, ол Павлодар өңірі үшін Ертістің орасан зор маңызын атап өтті. Осы тұста ол Үкіметке өңірдің суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырды.

«Бұл өзен – осы өлкенің тұрғындары, кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін негізгі тіршілік көзі. Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артты. Алдағы уақытта оны тағы 2 есеге, яғни, 300 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Облыс әкімдігі осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Үкіметке өңірдің суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырамын» – деді Мемлекет басшысы.

Президент үш жылда ауыл тұрғындарын таза сумен қамту көрсеткіші 55%-дан 94%-ға дейін өскенін атап, биыл аймақта осындай 19 жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Президенттің айтуынша, әкімдік келесі жылы құны 14 миллиард теңге болатын тағы 39 жобаны қолға алуды ұсынып отыр. Осыған орай, Үкіметке қаржы бөлуді тапсырды.

«Жалпы, еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс. Мен былтырғы Жолдауымда 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырдым. Үкімет осы міндеттің орындалуын ерекше бақылауға алуы керек», – деді Президент.

«Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар»

Мемлекет басшысы Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар екенін атап өтті. Бірақ, Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Осы ретте Президент Үкіметке жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруді тапсырды.

«Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет. Павлодар облысының экономикасын дамытуға өзге өңірлермен әуе қатынасын орнату айрықша ықпал ететіні анық. Қазір облыс орталығынан Астананың өзіне тікелей ұшақ ұшпайды», – деді Мемлекет басшысы.

«Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады»

Кездесу барысында президент барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасалу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты мен Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды ұсынғанын еске салды.

«Бұл бастаманың аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады. Құрылысты сапалы салып, уақтылы тапсыру – басты міндет. Жұмыс барысын жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлердің қоғамдағы абырой-беделін арттыруымыз қажет. Ғалымдарымызға әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант беріле бастады», – деді Президент.

«Жас ғалым» жобасының аясында 1000 грант бөлінеді

Мемлекет басшысы «Жас ғалым» жобасының аясында 1000 грант бөлінетінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, ғылыми институттар мен іргелі зерттеулерді қаржыландыру жүйесі жетілдіріліп жатыр. Осыған орай, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілмек.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген жобаларға басымдық бере отырып, қаржыландыру тапсырылғанын атап өтті. Павлодардың трамвай жүйесін дамытуды жалғастыру, пойыздарды жаңарту жұмыстарын жеделдету және облыс орталығында көпфункционалды мұз сарайын салу мәселесін пысықтау маңызды деп есептейтінін жеткізді.

Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады

Президент Павлодар облысына жұмыс сапары аясында 85 жыл бұрын іргесі қаланған Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияға барды.

Мектеп директоры Салтанат Шабажанова Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнының терең тарихы туралы ақпарат беріп, гимназияның жаңартылған кабинеттерін көрсетті. Ал оқушылар мектеп кітапханасында Мемлекет басшысына Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығы бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасын таныстырып, жазушының «Ертіс мұхитқа құяды» атты кітабын сыйға тартты.

Содан кейін Президент республикалық және халықаралық пән олипиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған Павлодар облысының педагогтарымен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев оларды Дүниежүзілік Ұстаз күнімен және қазақстандық педагогтардың өткен кәсіби мерекесімен, ал гимназия ұжымын мерейтойымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы ұлттың қайта өрлеу орталықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық көптеген танымал ғалым осы өңірде өскен және қазіргі педагогтар аға бауынның ізін жалғап келеді.

– Жастарымыздың отаншыл, әділ, адал және еңбекқор болып өсуіне ұстаздың қосатын үлесі орасан зор. Біз жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз қажет. Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі отаншылдық, ең алдымен, туған еліңнің игілігі үшін қызмет ету деген сөз. Ол үшін, әрине, еңбекқор, іскер болу керек. Әркім өз болашағына өзі жауапты екенін жастар бала кезден терең ұғынып өсуге тиіс. Бұл идеялардың бәрін балалардың санасына міндетті түрде сіңіру керек. Ұлы Абай айтқан «Толық адам» ұғымы – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекқор адам дегенді білдіреді. Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» бекер айтпаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Черчилльдің «Мұғалімдерде мемлекет басшылары армандайтын билік бар» деген сөзін тілге тиек етіп, мектептерде жеке адамның да, тұтас мемлекеттердің де шынайы бәсекелестік негізі қаланатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін қайта жаңғырту керек екенін айтты. Президенттің айтуынша, біз ұлттық дәстүрлерімізді сақтай отырып, қоғамда прогрессивті ұғымдарды белсенді дәріптеуіміз қажет. Бұл – еңбекқорлық, білім культі, өзара сыйластық, ынтымақтастық, сенім, іскерлік, ұқыптылық, сыни ойлау сынды қасиеттер. Президент ұлттың жаңа қарым-қабілеттерін қалыптастыруда және Әділетті Қазақстанды құруда мұғалімдер шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді.

2030 жылға дейін қатты қалдықтардың көлемі 50 мың тоннаға азайтылады

Мемлекет басшысы Павлодар алюминий зауытына барды. Бұл жерде бастапқы алюминийден бастап алюминий радиаторларына және автомобиль дискілеріне дейінгі түрлі өнім қамтылған. «Қазақстан алюминийі» АҚ 8 мыңға жуық адамды және олардың отбасын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп отыр.

Бұдан кейін Еуразиялық топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа ERG өнеркәсіптік кәсіпорындарының шығаратын қалдықтарын кезең-кезеңмен қысқартуды көздейтін Экологиялық стратегияның жүзеге асырылуы жөнінде айтты. 2030 жылға дейін қатты қалдықтардың көлемін 50 мың тоннаға (57 пайызға) азайту жоспарланып отыр. Зауыттар мен жылу электр стансаларындағы сүзгілер ауыстырылады, күл жинайтын қондырғылар салынады және көміртегінен арылту жобалары жүзеге асырылады. Сондай-ақ Еуразиялық топ алдағы 3 жылда 420 мың ағаш егуді жоспарлап отыр. Оның жартысынан көбі Павлодар облысында егіледі. Сонымен қатар компания Қостанай облысында болған өрттен кейінгі орман алқабын қалпына келтіруге қосымша 1 миллиард теңге бөлді.

Сонымен қатар Президентке компанияның әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысы, оның өңірлердегі «Халықтың бюджетке араласуы» бастамасы, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік түсінігі мен проактивтілігін арттыру, инновациялық қызмет үшін жағдай жасау және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі басқа да жобалар туралы баяндалды.

Бұдан кейін «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымымен емен-жарқын әңгімелескен Қасым-Жомарт Тоқаев акционерлердің барлық әлеуметтік міндеттемесін орындауының маңызды екенін атап өтті.

– Сіздер Қазақстан Республикасы индустриясының флагманы саналатын өте маңызды кәсіпорында жұмыс істейсіздер. Мен жаңа ғана презентацияларды көрдім. Кәсіпорынның қызметімен таныспын. Мұнда адамдардың қалай жұмыс істейтінін және қандай өнімдер шығаратынын білемін. Олар Қазақстан Республикасына қажет және шетелде үлкен сұранысқа ие. ERG тобы кәсіпорындарының басшылығы әлеуметтік мәселелерді шешуге, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға және тиісті нысандардың құрылысына ерекше назар аударады. Осы орайда біз әрқашан қолдаймыз. Сіздерге сәттілік тілеймін! – деді Президент.


Фото : t.me/bort_01


Соңғы жаңалықтар