Президенттің жұмыс сапары: Атырау облысында қандай өзекті мәселелер бар

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Ел Президенті өңір жұртшылығымен кездесіп, аймақты дамыту басымдықтары мен өзекті мәселелері жайлы сөз қозғады. Мемлекет басшысы жергілікті билік өкілдері мен Үкіметке қандай тапсырма берді? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Мемлекет басшысы Атырау облысы халқымен кездесу барысында облыстың өркендеуіне тың серпін беретін бірқатар мәселеге тоқталып, бірқатар басым бағытты атады.

Атырау облысында үлкен мұнай қоймасы салынбақ

Президент ең алдымен өңір экономикасын әртараптандыру қажет екенін атап өтті. Осы тұста аймақта «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылғанын жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуға тиіс. Осы тұста мұнай қоймаларын барынша көбейту өзекті мәселе екенін баса айтты. Осыған орай «Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау өңірінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды.

«Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек. Мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешілуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеуіміз керек. Бұл өте маңызды мәселені Үкімет өз назарында ұстауы қажет. Осы мәселе бойынша негізгі шетел компанияларымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото:financialtribune.com

«Балық өсіретін кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген»

Мемлекет басшысы Атырау облысында балық шаруашылығын дамыту мәселесіне де баса назар аударды. Өңірде балық өңдеу және одан дайын өнім шығару осы аймақтың экономикасында маңызды рөл атқаратын сала. Ол Каспий теңізі мен Жайық өзенінде жыл басынан бері 12 мың тонна балық ауланғанын жеткізді. Сонымен қоса Президент Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе екенін атап өтті.

«Өңірде өңдеу және дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Дегенмен, балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары. Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай қайта жаңғырту керек. Сондай-ақ, шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тарту аса маңызды. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметр. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына да кедергі келтіруде. Сондықтан Үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуді қамтамасыз етуге тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz

Атырауда бекіре өсіретін 8 кәсіпорын ашылады

Жиында Мемлекет басшысы Атырау облысында бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін екі шаруашылық бар екенін атап өтіп, 2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Фото:api.elbrus.press

«2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Мұндай шаруашылықты дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Сондай-ақ, осы жұмыстарды атқаратын балық шаруашылығының мамандары қажет. Жастарды осы іске баулып, оларға жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды. Сонда ғана жастар бұл салаға қызығады. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі қажет. Осы аймақта балық шаруашылығын дамыту жергілікті билік үшін басты міндеттің бірі болуға тиіс. Үкімет бұл мәселе бойынша облысқа барынша қолдау көрсетуі керек», - деді Президент.

«Атырауда жол сапасы сын көтермейді»

Президент Атырау облысындағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін тілге тиек етті. Бұл мәселе халық тұрмысына және экономикаға тікелей әсер етеді. Соның ішінде «Атырау – Астрахань» күре жолын жөндеу жұмыстары өте баяу жүріп жатырғанын сынады. Мемлекет басшысы Атырау облысындағы жол құрылысын жеке бақылауына алатынын мәлімдеді.

«Жергілікті жолдардың 72 %-ы ғана орташа күйде. Мұны төмен көрсеткіш деуге болады. Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың сапасы да жақсы емес. «Атырау – Астрахань» күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Үкімет оны уақытылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы, облыстағы шұрқ тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Бірақ содан ешқандай нәтиже жоқ, тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс орындамайды. Ауданаралық, облысаралық жолдардың сапасы жақсармаса, аймақтарды дамыту туралы айтудың өзі қиын. Сондықтан жол құрылысы менің жеке бақылауымда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атырауда тұщы су тапшылығы 40%-ға жетуі мүмкін

Президент ауылдардың бір орталықтан берілетін сумен жабдықтау жүйесіне қосылмағанын сынға алды. Оның айтуынша, көптеген елді мекеннің тұрғындары таза суды кейде белгілі бір уақытта ғана алады. Сонымен қоса ол аймақтағы суару каналдарының көпшілігі тозып тұрғанын айтып өтті. Үкімет пен облыс әкімдігі сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға баса назар аударуы қажет екенін айтты.

Фото:atpress.kz

«Инфрақұрылым желісі әбден тозғандықтан, осындай ахуал қалыптасып отыр. Мысалы, Атырауды және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін тазарту жүйесі апатты жағдайда тұр. Алдағы бес жылда тұщы су тапшылығы 40 %-ға жетуі мүмкін. Су сүзетін екі жаңа станцияны тезірек іске қосу керек. «Астрахань – Маңғыстау» су құбырының 80 %-ы әбден тозған. Оны жаңғырту жұмыстарын тездету қажет. Сонымен бірге Үкімет Еділден жаңа су құбырын тарту мәселесі бойынша банктермен, қаржы институттарымен келіссөздерді жандандыруға тиіс. Аймақтағы суару каналдарының көпшілігі тозып тұр. Биыл үш каналды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Тағы он бір каналды қалпына келтіру керек. Үкіметке алдағы екі жылда осы жобаларға қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірленбек

Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау өңіріндегі денсаулық сақтау жүйесіндегі түйткілдерге тоқталып өтті. Атырау қаласында емхана ғимараттарының тапшы екенін айтып өтті. Соның ішінде психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы тіпті сын көтермейтінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, облыста өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Ана мен бала өлімі де аз емес. Бұған өңірдегі экологиялық ахуалдың нашарлығы, білікті дәрігерлердің тапшылығы себеп болып отырғанын жеткізді.

«Басты міндеттің бірі – медициналық инфрақұрылымды жақсарту. Атырау қаласында емхана ғимараттары тапшы. Облыстағы медицина мекемелерінің 40 пайызға жуығы осындай жағдайда жұмыс істеп жатыр. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы пайдалануға жарамсыз. Осы мәселенің бәрін шұғыл шешу қажет. Ең алдымен, өңірге медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыру маңызды. Сондай-ақ облыстық перзентхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтаған жөн. Атырауда жаңа онкологиялық диспансер салу мәселесін пысықтау қажет. Облыста бірқатар денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау керек», – деді Президент.

Электр желісі жаңғыртылады

Мемлекет басшысының айтуынша, Атырау облысындағы өзекті мәселе -электр желісінің тозуы. Президент өнеркәсіп орындары дамып, халық саны көбейген сайын қуат көзіне деген сұраныс артатынын айтты. Сондай-ақ, Атырау облысының электр энергиясы жүйесіне түгел жаңғырту жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Cонымен қоса Президент «Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын ескертулер бар екенін айтып, компания өз міндеттемесін орындай алмаса, келісімді бұзу қажеттігін ескертті.

«Биыл 15 елді мекеннің электр желісі жөнделіп жатыр. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Соңғы жылдары аймақта электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Облыста өзінің электр станциясын пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Атырау облысының электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту жұмыстарын бастау қажет. Мен былтыр батыс аймағын еліміздің негізгі энергетика жүйесіне қосу туралы тапсырма бердім. Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты шешім қабылдауы қажет. Сондай-ақ электр желілерін жөндеу жұмыстарын республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұдан бөлек,«Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар. Егер компания өз міндеттемесін орындамаса, ондай келісімді бұзу қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Атырау облысының инженерлік инфрақұрылымын дамыту да – күрделі мәселе. Мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірақ, ескі үйлер әлі де көп.

«Көпқабатты тұрғын үйлердің төрттен бірі, яғни 432 үй апатты жағдайда тұр. Үкімет Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп бұл мәселені шешуге тиіс. Сондай-ақ апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін құрылыс жұмыстарын жандандыру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Үш ауысымды мектептер мәселесі әлі шешімін таппай отыр»

Президент өңірде білім беру және мәдениет саласын дамытуға айрықша көңіл бөлу керек екенін айтты. Ол келесі жылы өңірге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 11 мектеп салынатынын мәлімдеді.

«Облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Балабақшалар да жетіспейді. Қазір 17 мыңға жуық бала кезекте тұр. Бұл мәселелерді шешуге қажетті қаржы қарастырылған. Келесі жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 11 мектеп салынады. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жоспарды толық орындау керек. Үкімет және әкімдік оның уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қатаң бақылауға тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысы аймақтағы кәсіптік-техникалық және жоғары білім сапасын арттырып, осы бағыттағы оқу орындарын күшейту аса маңызды екенін жеткізді. Сонымен қоса Атырауға бөлінетін гранттың игерілмей жатқанын сынады.

«Мен қыркүйектегі Жолдауымда осыған қатысты бірқатар міндет жүктедім. Менің бастамаммен Атырауда Ресейдің Губкин атындағы мұнай-газ университетінің филиалы ашылды. Аталған университеттің түлектеріне еңбек нарығында сұраныс көп болады деп сенемін. Менің тапсырмаммен Қазақстанның іргелі жоғары оқу орындарында білім алу үшін батыс аймақтардың жастарына 10 мың грант бөлінді. Бірақ осы гранттармен оқуға түскен бала көп емес. Мен бұл туралы кеше Ақтауда да айттым. Атырау облысына бөлінген 4 мың гранттың 800-ге жуығы ғана игерілген. Бұл – өте төмен көрсеткіш, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Мұнай-газ компаниялары экология талаптарын қатаң сақтауы қажет»

Мемлекет басшысының пайымынша, Атырау әрбір тұрғынға қолайлы, таза, заманауи қалаға айналуға тиіс. Қалада кейбір нысандардың құрылысы көп жылдан бері тоқтап тұр. Он жыл бұрын салына бастаған Концерт залы әлі пайдалануға берілмегенін сынады. Тіпті, оның ғимараты жарамсыз күйге түскен. Президент Атырау өңірінің экологиялық ахуалына арнайы тоқталды. Әсіресе, Атырау мұнай өңдеу зауытының зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін сынға алды. Сонымен қатар облыстағы алпауыт өндіріс орындары, әсіресе, мұнай-газ компаниялары экология талаптарын қатаң сақтауы қажет екенін ескертті.

«Үкімет әкімдікпен бірлесіп, осындай нысандарды құрылысын біржола шешуге тиіс. Жайық өзенінің тартылуы да жұртты қатты алаңдатып отыр. Су деңгейі соңғы жылдары төмендеп, өзен аңғарының экологиялық ахуалы күрт нашарлап кеткен. Ал ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы – бесінші дәрежеге жетті. Мен осы күрделі мәселені бірнеше рет халықаралық деңгейде көтердім. Қазақстан мен Ресейдің арасында бірнеше келісімшартқа қол қойылды. Экологияны, трансшекаралық өзендердің биоәлемін сақтау және оны тиімді пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық негіз бар. Көрші елмен осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салу керек», – деді Мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz

Атырауда туризмді дамытуға қандай мүмкіндік бар?

Президент мұнай мен газға ғана үміт артпай, өңірде туризм секілді болашағы зор саланы да дамыту қажет екенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жақта экологиялық және танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Қиғаш өзенінің бойында лотос гүлдері өсетінін көбі біле бермейді. Ал Индердегі тұзды көлде емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға болады. Сонымен қатар ол мәдени туризм саласын цифрландыруға баса мән беру қажеттігін жеткізді.

«Облыстағы туризмді дамыту – маңызды міндеттің бірі. Әрине, Атырау мұнайымен әйгілі. Бірақ, мұнда туристердің қызығушылығын туғызатын басқа да рухани құндылықтар бар. Оны бүкіл Қазақстанның брендіне айналдыруға болады. Алдымен өлкенің тарихи-мәдени мұраларына айрықша мән беру қажет. Сарайшықты ел ішінде және шет мемлекеттерде дәріптеуімізге болады.«Орта ғасырлық Сарайшық» жобасын соңына дейін жеткізу керек. Сондай-ақ, арнайы визит-орталықты уақытылы іске қосу маңызды. Көне қаланың орнын туристік нысан ретінде дамытуға және оның танымал-дығын арттыруға арналған тұжырымдама әзірлеу қажет. Бұл – бүкіл Қазақстанның туризм саласы үшін маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Жиыннан кейін Мемлекет басшысы Атыраудағы Абай атындағы орталыққа барды. Орталықта белгілі тұлғалардың домбырыларынан жасақталған көшпелі көрмені тамашалады.

Фото: akorda.kz

Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау газ-химия кешенін іске қосты. Өндіріс ошағы еліміздің полипропиленге деген сұранысын өтеп қана қоймай, құрылыс, медицина, автомобиль құрастыру, тамақ өнеркәсібі секілді салаларда полипропиленнен түрлі бұйым шығаратын шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Айта кетейік, кәсіпорында америкалық «Lummus Technology Inc» компаниясының Catofin және Novolen технологиялары пайдаланылады. Әлемде мұндай кешен Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытай секілді 5 елде ғана бар.

Фото: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар