Президенттің тапсырмасымен 1 қаңтардан салықтық амнистия жүргізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнеске қатысты салықтық амнистия бір жыл бойы күшінде болады. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, амнистия биылғы жылдың 1 қазанында қалыптасқан берешектері бойынша тек шағын және орта бизнеске қатысты болады. Қазір біз тиісті заңнамаларға өзгерістерді қарастырып жатырмыз. Берешектерді сызып тастау келесі жылдың басынан аяғына дейін (яғни, 2019 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін) жүргізілетін болады. Шағын және орта бизнес өзінің берешегін төлейтін болса, сонда біз сол берешектің үстіне қосылған айыппұлдың бәрін кешіретін боламыз», - деді Әлихан Смайылов Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруда қаржылық қолдау бойынша өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, осы жылдың 5 қазанында Қазақстан Ресупбликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жариялаған болатын.

Аталмыш Жолдауда Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізілетінін атап өткен еді.

«Бизнес жұмысын таза парақтан бастауы үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізуге кірісуді тапсырамын. Дегенмен, барлығы да тегіс болып отырған жоқ. Біріншіден, салықты әділ төлейтін бизнес бар. Ол ертең «ананікін сыздың, менікін неге сызбадың?» дейді.  Яғни, ол мемлекетке негізгі салығын төлеген болса, онда өсімпұлдар мен айыппұлдар жайында  сөз болып отыр»,-  деген еді Елбасы.

 

Соңғы жаңалықтар