Президенттің саяси реформалары мен тапсырмалары қалай жүзеге асырылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінге дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың үш топтамасын жария еткені көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Бұл реформалар да сөз жүзінде қалып қоймай, нақты жүзеге асырылып жатқаны да белгілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҮШ ТОПТАМА

Нақтырақ айтар болсақ, Мемлекет басшысы саяси реформалардың алғашқы топтамасын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жария еткен болатын. Қазіргі уақытта бұл топтама аясындағы тапсырмалар толықтай жүзеге асырылып, оның аясында 8 заң қабылданды. Атап айтқанда, саяси партияларды тіркеу үшін қажетті жақтастар санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайту, әйелдер мен жастарға міндетті түрде 30 пайыздық квотаны сайлау тізімдерінде беру қамтылған «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Митингілер туралы мүлдем жаңа заң және Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмыс санатынан алып тастау және 174-бабын ізгілендіру үшін өзгерістер қабылданды. Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңы күшіне енді.

2020 жылдың 1 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауын жария еткен болатын. Сол кезде саяси реформалардың бірінші топтамасы аясында аталған заңдарды қысқа ғана уақыттың ішінде сапалы әзірлеп, жедел қабылдаған Парламентке ризашылығын білдіріп өткен еді. Сонымен қатар қатар Мемлекет басшысы бұл саяси саладағы реформаларымыздың бастамасы ғана екенін ескертіп өткен-ді.

«Оны жаңғырту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру. Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, Мемлекет басшысы Жолдауы аясында саяси реформалардың екінші топтамасы жария етілді. Онда азаптауға, адам саудасына қарсы іс-қимыл және азаматтарды, әсіресе, балаларды кибербұзушылықтан қорғау үшін заңнаманы жетілдіру мәселелері көтерілген. Аталған топтама аясында 5 заң жобасы, бір Президент Жарлығы әзірленді. Заң жобалары Парламент депутаттарының қарауында.

Президенттің маңызды бастамаларының бірі – ауыл әкімдерін тікелей сайлау. Жалпы, 4 жыл ішінде 2 345 әкімді, соның ішінде 2021 жылы 836 әкімді сайлау жоспарланып отыр. Бұл нормалардың қабылдануы саяси бәсекені дамытуға және азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға септігін тигізеді. Ауыл әкімдерін сайлау биыл басталса, одан кейінгі кезекте аудан әкімдерін тікелей сайлау жүзеге асырылмақ.

Ал 2021 жылдың 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент саяси реформалардың үшінші топтамасын жариялады. Оның аясында алдағы уақыттың өзінде үш заң жобасын әзірлеу қарастырылған. Олардың ішінде саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету, саяси бюллетендерге «бәріне қарсымен» деген жазуды енгізу және басқа да бастамалар бар.

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ

Жалпы, мұнан бөлек те Президенттің бірнеше ондаған тапсырмасы жіті қарастырылып орындалып жатыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне оқулықтарды ведомствоның ақысыз құқықтарын бекітіп бере отырып, оларды кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіру жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Ал бүгінде 1-11 сыныптарға арналған барлық электронды оқулықтар Білім және ғылым министрлігінің сайтында жарияланды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде колдедждердің 100 пайыз отыздан астам платформаға қол жеткізе алады. 21 000-нан астам цифрлық ресурстарды қамтитын каталог құрылды. 12 368 бейнесабақ, 3 848 электронды оқулық, 5 771 қосымша материал, 30 368 ұстаз ІТ құзіреті бойынша біліктілігін арттырды. Қашықтан оқу платформаларя мен бағдарламаларын пайдалана отырып 20-дан астам нұсқаулық әзірленді.

Президенттің тағы бір тапсырмасы мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру арқылы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және спорттық әлеуетін арттыру үшін мемлекеттік қоглдаудың жаңа институтын енгізуге қатысты болды. Оның аясында 2021 жылдың 1 мамырынан бастап мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс жүзеге асырылады. Ол үшін биыл жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға 2,4 млрд теңге, спорттық тапсырысты іске асыруға 3,7 млрд теңге бөлу көзделген. 2021 жылы республика бойынша жан басына шаққанда 23,5 мың шығармашылық үйірме және 1 029 спорт секциясы қаржыландырылады. Онда шамамен 43,3 мың бала спортпен және шығармашылықпен (шығармашылық үйірмелерде - 23,5 мың бала, спорт секцияларында – 21 548 бала) тегін айналысатын болады.

Мемлекет басшысының техникалық және кәсіби білім беруге қатысты бірқатар тапсырмасы да орындалды. Атап айтқанда, 2020 жылдан бастап «Жас маман» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы сомасы 22,1 миллиард теңгеге 80 колледж заманауи құралдармен жабдықталды. Ал биыл 100 колледждің оқу-өндіріс шеберханаларын жабдықтау үшін 28,9 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.

Президенттің бастамасымен дайындалған «Жер» туралы заң жобасындағы негізгі норма - жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 25 ақпанда өткен V отырысында мәлімдеме жасап, бұл мәселе төңірегіндегі түрлі дауға, пікір-таластарға нүкте қою қажеттігі жөнінде айтты. Осыған орай 12 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заң жобасын Конституциялық тәртіпке сәйкес өзінің бастамасымен дайындатып, Парламентке жіберді. Жуырда заң қабылданған болатын. Соңғы жылдары қазақстандықтардың арасында жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге байланысты өте көп талқыланған түрлі дау-дамайларға біржола нүкте қойылды.

Президенттің Жолдаудағы зейнетақының бір бөлігін қолдануға қатысты тапсырмасы да толыққанды орындалып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде 761 мыңнан астам салымшы өз жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік алды. БЖЗҚ салымшылардың арнайы шоттарына 1,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды. Оның ішінде: тұрғын үй жағдайын жақсартуға – шамамен 1,187 трлн теңге; емделуге – 4,6 млрд теңгеден астам. Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы 1230 өтініш орындалып, шамамен 2,8 млрд теңге компанияларға аударылды.


Соңғы жаңалықтар