Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы тағайындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат спикері Дариға Назарбаева Қазақстан Президентінің Парламенттегі өкілдігінің басшысын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы болып Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев, ал Үкімет басшысының өкімімен Үкіметтің Парламенттегі өкілі болып Ермек Әмірханұлы Аманшаев тағайындалды», - Дариға Назарбаева.

Сонымен қатар ол тағайындалған тұлғаларды лауазымды қызметке келуімен құттықтады.

«Заң шығару процесін жетілдіруге және депутаттар көтеретін маңызды мәселелердің оң шешілуіне үлес қосасыздар деп сенеміз», - деді ол.

Айта кетейік, Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев 1962 жылы 4 желтоқсанда Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

1985-1987 жылдары - Қазақ КСР Телевизиия және радиохабары мемлекеттік комитетінде редактор.

1987-1991 жылдары - «Лениншіл жас» республикалық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі.

1991-1994 жылдары - «Өркен»- «Горизонт» газеті редакторының орынбасары, редакторы.

1994 жылғы ақпан-сәуір айларында - Қазақ мемлекеттік телевизиясының бас директоры.

1994 жылғы мамыр-шілде айларында - Алматы қаласы әкімшілігінде әкімнің орынбасары.

1994-1995 жылдары - Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат комитетінің төрағасы.

1997-1999 жылдары - ҚР СІМ Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы.

2000 жылы - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде үкіметтік ақпарат бөлімінің меңгерушісі.

2002 жылы - ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.

2002-2003 жылдары - ҚР-ның Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымының ұлттық үйлестірушісі.

2003-2006 жылдары - ҚР-ның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі.

2006-2008 жылдары - ҚР-ның Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР-ның Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы. 2008 жылғы ақпан-тамыз айларында - ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі.

2008-2009 жылдары - ҚР Президентінің баспасөз хатшысы. 2009 жылғы шілдеден ҚР-ның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі.

«Құрмет» (2007) орденімен; «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдарымен; ҚР Құрмет грамотасымен (2001) марапатталған.

Ал, Ермек Аманшаев 1963 жылы 12 наурызда Өзбекстанның Сырдария облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

1985-1986 жылдары - Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұражайының кіші, аға ғылыми қызметкері.

1986-1988 жылдары - Қазақ Кеңес энциклопедиясы өнер және сәулет редакциясының ғылыми редакторы.

1988-1991 жылдары - «Жалын» журналының жауапты хатшысы.

1991-1995 жылдары - Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.

1995-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Істер басқармасының қоғамдық бірлестіктермен байланыс жөніндегі және мәдениет бөлімінің референті, Министрлер Кабинеті аппараты ішкі саясат бөлімінің консультанты, Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің сектор меңгерушісі, Премьер-Министр Кеңсесінің үкіметтік шешімдерді дайындауды үйлестіру бөлімінің сектор меңгерушісі, сараптау-талдау бөлімінің, қаржы-экономикалық сараптау бөлімінің консультанты, әлеуметтік сала секторының меңгерушісі, аймақтық даму және әлеуметтік сала бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі.

2000-2002 жылдары - Астана қалалық мәдениет департаментінің бастығы.

2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы.

2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, Мәдениет вице-министрі, Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары болған.

2006-2008 жылдары - Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

2008-2014 жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ президенті.

Ол «Үзілген бесік жыры», «Қыр астындағы сол ғажайып әлем», «Сұлтан болсам мен егер», «Жұлдыздарда бір сыр бар» пьесаларының, «Мен Абылайды әке дер ем», «Мұхтар Әуезов», «Албасты туралы аңыз» атты деректі және көркем фильмдердің авторы. Көркем аударма саласында Ф.Кафканың, С.Ванустың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.


Соңғы жаңалықтар