Президенттің Өзбекстанға сапары Орталық Азия векторының маңызды екенін көрсетті - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары бауырлас мемлекетпен ынтымақтастықтың жаңа қарқынмен дамуына жол ашады. Бұл пікірді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры Айбол Арғынғазинов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президенттің алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстаннан бастауы Қазақстанның сыртқы саясаты үшін Орталық Азия векторының маңызды екенін көрсетеді. Қос тараптың бірлескен мәлімдеме қабылдауы, мемлекеттік сапардың сәтті өтуі Өзбекстан тарапының да өзара ынтымақтастыққа мүдделілігін көрсетіп отыр. Өзбекстан да Қазақстанмен бірге Орталық Азияның күн тәртібін қалыптастырушы мемлекет болғандықтан, ортақ тарихымыз мен туысқандығымызды ескеріп, бір кеңістікте тұрақты даму - екі мемлекет үшін де маңызды», - деді сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Шекаралас екі мемлекет үшін де трансшекаралық сауда, өңірлік интеграция, трансшекаралық су көздерін ортақ пайдалану мәселелері маңызды.

«Қол жеткізілген келісімдер өзара сауда айналымын 5 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге, отандық экспорт көлемін арттыруға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септігін тигізеді. Сонымен бірге, өз аумағында тұратын екінші тарап өкілдерінің этникалық, тілдік және ұлттық мәдениеттерін сақтау мен дамыту Өзбекстандағы отандастарымыздың ұлттық тамырынан ажырамауына мүмкіндік береді. Осы ретте Қазақстанда тұратын өзбек халқының өкілдері үшін өзбек тіліндегі ұлттық мектептер, мерзімді басылымдар, өзбек драма театры жұмыс істеп тұрғанын атап өткен абзал», - деп өз сөзін жалғастырды ол.

Өзбекстандағы Қазақстан жылының бастау алуы бауырлас өзбек халқының Қазақстанның бай әдеби-мәдени мұрасын, өнерін кеңінен танып-білуіне көмектеседі.

«Қорыта келгенде, Мемлекет басшысының Өзбекстанға мемлекеттік сапары екі елдің сауда-экономикалық, гуманитарлық байланыстарының кеңеюіне, өңірлік интеграцияның жаңаша қарқынмен дамуына ықпал етеді», - деді А. Арғынғазинов.

Соңғы жаңалықтар