Президенттің өңірлерге сапары: қандай өзекті мәселелерге мән берілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Тоқаев осы аптада еліміздің бірқатар өңіріне жұмыс сапарымен барды. Атап айтсақ, Түркістан облысы, Шымкент қаласы мен жаңадан құрылған Абай облысының жай-жапсарымен танысып қайтты. Сапар барысында ел Президенті өңірлердегі жұртшылықпен кездесіп, аймақтың жетістіктері мен өзекті мәселелері жайлы сөз қозғады.

Өңірлердегі қазіргі ахуал қалай? Мемлекет басшысы жергілікті билік өкілдері мен Үкіметке не қандай тапсырма берді, көрші елдердегі саяси оқиғаларға қатысты не деді? Осы және өзге де сапар барысында маңызды қандай дұниелер айтылғаны жөнінде материал дайындауды жөн санадық.

Түркістан облысына сапар: «Облысқа ерекше мән беру – Үкіметтің басты міндеті»

Осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, Түркістан облысының жұртшылығымен кездесті. Олкездесу барысында сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтып, Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті. «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», – деді Президент.

Өңірге 2 млн-ға жуық турист келген

Сонымен қоса Мемлекет басшысы кейінгі жылдары болған оң өзгерістерге тоқталды. Президенттің дерегіне сәйкес, Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған.

Мемлекет басшысы елімізде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтып, оның халық саны көп оңтүстіктің тұрғындарын жұмыс күші аз өңірлерге қоныстандыруға арналған жоба екенін түсіндірді. «Бірқатар азаматымыз солтүстікке көшіп, тіршілігін жасап жүр. Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек. Біз құрып жатқан жаңа қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасына, балаларына қамқор болуы керек. Оларға еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет», – деді Қазақстан Президенті.


«Ресейден келгендерге көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді»

Бұдан бөлек Президент көрші елден келіп жатқандар туралы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселеге де арнайы тоқталды.

«Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек. Мұны мен киелі Түркістан төрінен арнайы айтып тұрмын. Өйткені бұрын-соңды дәл осы жерде айтылған аталы сөздің бәрі алты Алашқа түгел тараған. Ғасырлар бойы жалғасып, қанымызға сіңген бұл дәстүр қазір де сақталып отыр», – деді Президент.


Президент жиын соңында бірқатар еңбек ардагерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Сонымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жай-күйімен танысып, нысанның дұрыс қорғалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Шымкент қаласына сапар: Қала бюджеті 4 есе артты

Бұдан бөлек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барды. Онда ол Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы шежірелі шаһардың кемінде 2200 жылдық тарихы бар екені ЮНЕСКО деңгейінде расталған дерек деп еске салды. Президенттің айтуынша, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері көптеген оң өзгерістер болды. Атап айтқанда, қаланы дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оған қоса 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Қала бюджеті 4 есе өсіп, өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артқан. Сондай-ақ аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын үй салынды.


Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айта келіп, Шымкентті өркендетуге қатысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталды. Ең алдымен, Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, индустриялық аймақтарды жетілдіру үшін қала экономикасын әртараптандыруға және отандық өнім шығаруға баса мән беріліп жатқанын жеткізді.

Президент келесі мәселе ретінде ауыл шаруашылығын өркендетуге тоқталып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау үшін «Іскер қала» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен.

«Бұл – жақсы көрсеткіш. Осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Осы тұста Шымкент халқының іскерлігін айрықша атап өткім келеді. Жалпы, оңтүстік халқы қашанда еңбекқорлығымен танымал болған. Бұл қасиеттеріңіз – көпшілікке үлгі-өнеге. Халқымыз «Еңбек – ырыстың қазығы» деген. Мен адал еңбекпен елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы қажеттігін атап өтіп, мұнда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуге тиіс екенін айтты. «Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі – Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын», – деді Президент.

9 мыңға жуық отбасы үйлі болмақ

Сонымен қатар тұрғын үй құрылысын жандандыру мәселесіне де назар аударылды. «Биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Соның арқасында 9 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Тұрғын үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу керек. Ең бастысы, оның бағасы жұртқа қолжетімді болуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет екенін айтты. «Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді-мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді-мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласы да мемлекеттің басты назарында екенін жеткізді. «Қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы тапшы. Менің тапсырмам бойынша 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте Опера және балет театрын салуды тапсырамын», – деді Президент.

Осы ретте Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту да негізгі міндеттің бірі екенін айтып, заманауи стандартқа сай перзентхана қажеттігін жеткізді. Осыған орай, әкімдік пен Үкіметке перзентхана салу жұмысын жеделдету туралы тапсырма берілді.

Абай облысына сапар: «Жыл басынан бері аймаққа 197 миллиард теңге инвестиция тартылды»

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Президент Семей жұртшылығымен кездесіп, өңірдің бірқатар мәдени-білім беру ошақтарын аралады.

Мемлекет басшысы Абай облысы жұртшылығымен кездесуінде Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше екенін, төл шежіремізде айрықша орны бар өлке екенін атап өтті. Сондай-ақ биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдағанын тілге тиек етті. «Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде «Абай» деп атадық»,-деді Президент.


Оның сөзінше, соңғы жылдары Абай өңірінің экономикалық көрсеткіштері біршама жақсарды. Мәселен, былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 миллиард теңгеге жуықтаған болатын. Жыл басынан бері аймаққа 197 миллиард теңге инвестиция тартылды.

«Жергілікті кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты мүмкіндік жасау қажет. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті, ашық нарық қалыптастыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу аймақ басшылығының басты міндеті болуға тиіс»,-деді ол.

ЖОО-ларға қосымша 500 грант бөлінбек

Бұдан бөлек өңірдегі білім саласындағы проблемаларға тоқталып, ең басты мәселе – мектеп тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды.


«Білім – бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі. Қазір елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатыр. Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын»,-деді ол.

Сонымен қатар облыста қазіргі заманға қажетті, жоғары деңгейдегі, білікті мамандар даярлау үшін нақты шаралар қабылдануы керек екенін баса айтты.

«Осы орайда, Семейде университеттердің жанынан IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқытатын мектептер ашылуы қажет. Аймаққа қажетті кадрларды дайындау үшін тиісті стандарт әзірлеген жөн. Жастарымыз сапалы білім алып, туған өлкесін дамытуға үлес қосуға тиіс. Сол себепті, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырамын», - деді ол.

Денсаулық сақтау саласында 65 нысан салынады

Сонымен қоса өңірдегі денсаулық саласына назар аударды. «Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қазір менің тапсырмаммен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр. Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек»,-деді Мемлекет басшысы.


Бұдан бөлек Мемлекет басшысы аймақтағы инфрақұрылым мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозған. Соны ретке келтіру керек. «Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сондықтан, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық»,-деді ол.

Бұдан басқа Президент өңірдегі экология мәселесін сөз етті. Не дегенмен кезінде ядролық қару сынақтары жүргізілген аймақ екенін ешкім ұмыта қойған жоқ. «Бұл сала әрқашан өзекті, тіпті, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек болады. Себебі, тұрғындардың денсаулығы, тұрмысы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан, экологиямен айналысатын арнайы министрлік құру менің Президент қызметіндегі алғашқы шешімдерімнің бірі болды. «Бірге – таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – барша халқымызды ұйыстырған маңызды бастама. 2020 жылдан бері менің тапсырмам бойынша елімізде екі миллиард ағаш отырғызу шарасы басталды. Жалпы, біз осы бағытта әлі де өте көп жұмыс атқаруымыз керек»,-деді ол.

Соған байланысты халықаралық стандартқа және экологиялық нормаларға сай келетін қоқыс жинайтын жаңа полигон салуға тапсырма берді. «Бұл жұмыс облыс әкімінің жеке бақылауында болуға тиіс. Энергетика министрлігі Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын әзірледі. Биылғы сәуір айында бұл жобаны Мәжіліс мақұлдады. Енді оны тезірек қабылдап, таза жерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға беру керек», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішін салтанатты түрде ашты.


Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішінің авторы – Нұрбол Қалиев. Мүсін композициясы қоладан, тұғыры тұтас күрт гранитінен жасалған ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Өнер туындысы демеушілер есебінен бой көтерді.

Рәсімнен кейін Мемлекет басшысы халқымыздың ұлы перзенттерінің ұрпақтарымен және зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесті.






Соңғы жаңалықтар