Президенттің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысқан кеңесте сөйлеген сөзі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 27 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысқан кеңес өтті. «Egemen Qazaqstan» газеті бұл жиында Мемлекет басшысы сөйлеген сөз мәтінін жариялады.

***

Құрметті жиынға қатысушылар! - деп бастады сөзін Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біз бүгін осы құрамда алғаш рет бас қосып отырмыз.

Қазір - өте жауапты кезең. Елбасының дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы еш­бір дүрбелеңсіз жүзеге асты.

Бұл - еліміздің баянды болашағы, қоғамның тұрақтылығы мен ұдайы дамуы үшін жасалған бірегей қадам.

Біздің стратегиялық мақ­са­тымыз белгілі, міндеттеріміз ай­қын. Оны еш өзгеріссіз жүзеге асы­ратын боламыз.

Сөз басында бір мәселеге тоқта­лып өткім келеді. Ел тарихындағы Ел­басының өлшеусіз еңбегін ұлық­­тау - бәрімізге ортақ парыз. Бұл - әділеттілік. Біз елордамыздың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерттік. Бұл - өте дұ­рыс шешім, тари­хи оқиға.

Мұндай мә­селеге нем­құ­райлы қарап, асығыс және ой­лан­бай әрекет жасауға бол­май­ды. Сабырлылықпен, пара­сат­ты­лықпен жұмыс істеу керек. Астана мен қалалардың кө­ше­­лерін өзгерту тәуелсіз Қазақ­станның негізін қалаушы ретінде біздің Ел­басының ерекше еңбегін көрсететін тарихи оқиға екенін тағы бір мәрте атап айтқым келеді.

Бұл - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің еңбегіне қатысты тарихи әділеттіліктің көрінісі. Осыған орай, мен астана әкі­міне еліміздің бас қаласын қайта атауға байланысты бүкіл мүдделі қызметтер мен ведомстволардың жұмысын реттеуді тапсырамын. Ақпарат министріне аталған шешімді түсіндіруді жалғастыруды тапсырамын.

Ішкі істер министрлігі, ҰҚК-нің Шекара қызметі астананы қайта атауға орай бұған дейін берілген визалар мен рұқсат құжаттарға олардың қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін ешқандай кедергілер мен бюрократиялық тосқауылдар қой­масын. Басты назар шекараның өткізу бекеттеріне, оның ішінде аэропорттарға, вокзалдарға, темір жол стансаларына аударылуы керек.

Президент Әкімшілігіне аталған жұмыстың орындалуын бақылауға алуды тапсырамын. Халыққа қайта атауға байланысты мәселелердің барлығы табиғи түрде, ешкімге қолайсыздық туғызбай жүзеге асырылатынын түсіндіру маңызды.

Құрметті кеңеске қатысушылар! - деп жалғады сөзін Мемлекет басшысы.

БІРІНШІ. Экономикалық даму

Экономикалық өсім мен экономиканы әртараптандыруға қол жеткізудің шешуші факторлары инвестициялар, экспорт және индустрияландыру болып табылады. Мұнда мемлекет пен бизнестің, сондай-ақ Орталық пен өңірлердің үйлесімді жұмыстары қажет.

Бұл әсіресе инвестициялар тарту секілді салада маңызды. Осы жылы Тікелей инвестициялар қоры құрылды. Сонымен бірге бірқатар облыс­та іскерлік белсенділікті тежейтін әкім­шілік кедергілер мен шектеулер сақ­талып қалып отыр.

Іс жүзінде қа­зіргі сәтте әлеуетті инвестор қол жаю­шы кейпін киген. Мұның жер алу, инженерлік және электр желі­леріне қосылу, түрлі рұқсаттар алу мәсе­ле­леріне қатысы бар. Мәселелерді орта деңгейдегі әкімдіктерде конструктивті және жедел шешудің орнына сөз­бұй­далық пен бюрократияға салу белең алған.

Осының салдарынан әлеуетті инвестордың салы суға кетіп, ол басқа елді таңдауға мәжбүр болады. Және бұл тек шетелдік қана емес, отандық ин­весторларға да қатысты. Әкімдер мен Үкімет анықталған түр­лі проблеманың жолын кесу үшін бар­лық мүмкіндікті қарастырып, тиіс­ті лауазымды тұлғалардың жеке жа­уап­кер­шілігі туралы шешім қабылдауы керек.

Тікелей инвестициялар қорына қатысты айтатын болсам, Елбасының шешімімен Ұлттық қордан 370 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сондықтан мен Қор осы жылдың өзінде-ақ айтарлықтай нәтиже әкеледі деп үміттенемін.

Министрлер мен әкімдер тартылған инвестициялар көлемі мен шикізаттық емес экспорт олардың қызметін бағалауда шешуші көрсеткіш болатынын нақты түсінулері керек. Президент Әкімшілігі мемлекеттік органдарды бағалауда қолданыстағы жүйеге тиісті өзгерістер енгізуі қажет.

Әрі қарай елдің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын қалыптастыруда жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру керек. Бұрындары орталық мемлекеттік органдар құжаттарды көп жағдайда өңірлердің пікірін толыққанды есепке алмай жасайтын.

Өз кезегінде өңірлер де құжаттардың орындалуына әркез тиімді және жауапкершілікті негізде қарай бермейтін.

Осы жылы Елбасының тапсыр­масы бойынша бізге орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған бір­қатар бағдарламалық құжат дайындау қажет. Бұлар - елімізді 2030 жылға дейін аумақтық-кеңістіктік да­мытудың болжамдық сызбасы, Өңір­лерді 2025 жылға дейін дамытудың бағдарламасы және ИИДМБ-ның үшінші бесжылдығы. Әкімдер аталған құжаттарды жасау мен талқылауға белсенді кірісулері қажет. Оларда өңірлердің проблемаларын шешудің жолдары көрініс табуы тиіс.

Үкімет өзі тарапынан әкімдердің ұсыныстарын жан-жақты талқылау мен есепке алуды қамтамасыз етуі керек.

ЕКІНШІ. Азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сапасы

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі кезекте әлеуметтік әділетті мемлекет бағыты жалғастырылатынын айтты. Ол Елбасының Жастар жылының ашылуы мен Nur Otan партиясының 18-ші съезінде берген бес әлеуметтік бастамасы мен тапсырмаларының «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде ке­шен­ді жүзеге асырылатын болады. Әлеуметтік қолдаудың басқа бағыттары бойынша да жеделдеу қажет деп санаймын, деді Президент.

Мен бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлеріне еңбек­ақыларын бір ай бұрын - 1 мау­сымнан бастап көтеруді тапсырдым. Аталған шара миллионнан астам қыз­меткердің өміріне оң ықпал ететін болады. Баспанамен қамтамасыз етуге қа­тыс­ты айтсам, әлеуметтік әлжуаз азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлер бөлу қарастырылып отыр. Әкімдерге пәтерлерді үстіміздегі жылдың мамырынан бөле бастауды тапсырамын. Біз сондай-ақ әр қазақстандықтың өмір сапасын жоғарылату туралы ойлауымыз керек. Сондықтан халық­тың өмір сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипаттағы мәсе­лелерге назар аудару қажет. Бұл ТКШ саласындағы, яғни жылумен және сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесі, сондай-ақ жолдар, газдандыру мәселелері, экология және қауіпсіздік проблемалары.

Бұларды шешуге «Құтты мекен» және «Ауыл - ел бесігі» жобалары бағытталып отыр. Аталған жобаларды жүзеге асыруға алдағы үш жылға триллионнан астам теңге қарастырылған. Үкімет пен әкімдерге бюджет қаржыларының нақты экономикаға жедел жетуін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда аталған жобаларға отандық өндірушілердің барынша мол тартылуын бақылауға алуды тапсырамын.

Бұл тек әлеуметтік мәселелерді ғана шешіп қоймай, сондай-ақ өңірлер экономикасын ынталандыруға мүм­кіндік береді. Бұдан бөлек, өңір­лерге мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсендірек қатысу қажет. Бүгінде әкімдіктер әлеуметтік көмектің 10-нан астам түрін көрсетеді.

Олардың ішінде жәрдемақы төлеу, баспанамен көмектесу, жол жүру жеңілдіктері, тегін тамақ беру және бас­қалары бар. Алайда, тұтастай алғанда, өңірлерде әлеуметтік қолдау шараларына 5,3%-дан аз қаржы бөлінеді. Әлеу­меттік төлемдердің айтарлықтай бөлі­гі республикалық деңгейде жүзеге асы­рылады. Қолданыстағы бюджет тең­дестірілмеген және қайта форматтауды талап етеді.

Бірінші кезекте, әлеуметтік құрам­дас өседі. Оның толығу көздеріне сарап­тама жүргізілмейді.

Екіншіден, бюд­жеттің «өндіріссіз шығындары» бар. Көптеген қажет емес шығынға жол бері­леді. Біз бюджетке көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Осы жылы болмағанмен, келесі жылы міндетті түрде. Әкімдерге қажетсіз аса қымбат сатып алуларды, имидждік іс-шаралар мен сол сияқтыларды қаржыландыруды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысы есебінен әлеуметтік саясатты ана­ғұрлым белсендірек жүргізу қажет.

Со­нымен қатар халықтың нақты табыс проблемаларын тек бюджеттік шығындар есебінен шешу мүмкін емес екенін де түпкілікті түсінген жөн. Азаматтарымыз үшін ең ұтымды әлеуметтік қорғау - бұл өзінің бизнесін жүргізу мүмкіндігі немесе білікті еңбегі үшін лайықты еңбекақы алу.

ҮШІНШІ. Халықпен өзара ық­палдастықтың жаңа форматы

Тақырыпқа орай сөзінде Мемлекет басшысы билік басындағылар үшін қарапайым адамдардың әлеуметтік ахуа­лын білу және дер ке­зінде әрекет ету өте маңызды екеніне назар аударды. Яғ­ни, уақыт тынысын сезініп отыру керек. Бұл әркез әсіресе, электоратты кезең ал­дында біздің басымдықтарымыз болып табылады.

Әкімдерге халықтың сұранысына жедел қайырылу және түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізу қажет. Әлеуметтік желі­лерде белсенді жұмыс істеу: мессенд­жерлерде топтар құру, жүргі­зіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру, жағдайды басқара білу ма­ңызды. Халықпен кері байланыс барлық жерде бірдей жолға қойылмаған, контактілі колл-орталықтар 17 әкім­діктің тек 4-еуінде ғана, ал мобильді ха­лықтық бақылау 7 өңірде ғана бар.

Халықпен кездесулерде конс­трук­тивті сұхбат орнату көрсеткеніндей, көп­теген проблемалы мәселені әкім­дік­тер тиісті деңгейде шеше алады екен. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімдерін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесулері және барлық елді мекендерді аралауы тиіс. Қоғамның қазіргі даму сатысын­да жүргізіліп жатқан реформалар мен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мәнін нақты әрі ұғынықты жеткізе білу әрбір басшыға қойылатын негізгі талапқа айналып отыр.

Кейде ең сауатты маманның өзі қарапайым ұғынықты тілде сөйлей алмайтынын өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Сон­дықтан Мемлекеттік басқару акаде­миясының базасында тиісті курстар енгізіп, оларға халықпен белсенді әрекет­тестікте болатын барлық шенеу­ніктерді жіберу керек.

Әкімдерге халықпен қарым-қаты­нас­тың жаңа форматына кеңінен қамту, ашықтық және әрекет ету жеделдігін қамтамасыз ете отырып көшуді тапсырамын. Өңір басшылығының азаматтармен жеке қарым-қатынаста болуы өте маңызды. Бұл ауылдан бастап, облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты, деді Қазақстан Президенті.

ТӨРТІНШІ. Жастардың елдегі өзгерістер процесіне қатыстылығы

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Пре­зидент - Елбасы 2019 жылды Жас­тар жы­лы деп жариялағанын қаперге салды. Жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып саналады.

Биыл «Жастар - ел тірегі» арнаулы әлеуметтік жобасы іске қосылды. Ол жастардың кәсіпкерлігін дамытуға, сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға және жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Тұтастай алғанда, жастарды жұ­мыс­­қа орналастыруға байланысты тәжі­­рибенің жоқтығы, іс жүзіндегі дағ­ды­ларының жетіспеушілігі, еңбекке бейім­деу қажеттілігі сияқты мәселелер әкім­дер мен Үкімет тарапынан жіті назар аударуды қажет етеді.

Бұл мәсе­лелер ұдайы бақылауда болуы тиіс. Бар­лық жүйелі мәселелер, соның ішін­де заңнамаға өзгерістер, бюджеттік қа­ражат бөлу, инфрақұрылым салу осы жылдың ішінде - Жастар жылында шешілуі керек. Сондай-ақ орта білім саласында үш­тілділік бағдарламасын жүзеге асыру да өте күрделі және маңызды мәселе.

Ең алдымен, қазақ және орыс тілдеріне оқыту жүзеге асырылуы тиіс. Бұл біздің балаларымыз үшін өте маңызды. Содан кейін ғана ағылшын тілін үйрету керек, деді Мемлекет басшысы.

БЕСІНШІ. Қоғамдық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету

Қазақстан басшысының сөзінше, негізгі міндеті азаматтардың құқық­тар­ын қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз ету болатын құқық қорғау жүйесін ре­фор­малау ісі белсенді сатыға көшті. Қа­­зіргі ахуал әкімдіктер мен құқық қор­­ғау органдардың өзара іс-қимылы мен жұмыстарын үйлестіруді күшейту қа­­жет­тігін көрсетіп отыр. Бұл әсіресе әкім­дер­дің полиция департаменттерінің бастық­тарын тағайындау бойынша жаңа өкі­леттіліктері аясында маңызды.

Соңғы кездері қоғамдық резонанс ту­дырған құқықбұзушылықтарда жер­гілікті әкімдіктер мен құқық қорғау ор­ган­дарының үйлесімді жұмысы бай­қалмады. Осыған байланысты оқи­­ғаларға ұлтаралық сипат беруге ты­­рысқан жекелеген талпыныстар ай­рықша алаңдатады. Мұндай аранда­тулардың жолы құқық қорғау органдары тарапынан да, идеологиялық ша­ралар арқылы да дереу кесілуі тиіс.

Түркістанға сапарым барысында айтып өткенімдей, сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресу қажет.

АЛТЫНШЫ. Ағымдағы жедел мәселелер

Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымын тыңғылық­ты аяқ­тап, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық пен әлеуметтік сала нысан­дарының тұрақты қызметін қам­та­масыз ету қажеттігін атап көрсетті. Үкіметке қорытын­дыларды шығаруды және келесі кезеңге дайындық шараларын қабылдауды тапсырамын, деді ол. Тасқын суға қарсы шаралар жөнінде. Былтыр 5 өңірде шамамен 1,5 мың тұрғын үйді су алды. Зардап шек­кендерге күш-жігер біріктіріп, көмек көрсетілді. Үкімет пен әкімдер өңір­лердегі су тасқынының алдын алу ша­ра­ларын қабылдауы қажет.

Су қойма­лары мен өзендер мониторингін ұйым­дастырып, гидротехникалық нысан­дарға ревизия жүргізу және кез келген жағдайға дайын болу керек. Оңтүстік облыстарда көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Туын­даған барлық мәселені уақтылы шешу қажет. Жоғары сапалы тұқыммен, тыңайтқыштармен және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету барысын бақылауда ұстау керек. Қаржылық қиындықтарға душар бол­ған, проблемалы ірі агрохолдингілер мен шаруашылықтарға айрықша назар аударған жөн.

Он­дағы көктемгі егіс жұмыстары толық көлемінде және мер­зімінде атқарылуы тиіс. Үкімет пен әкімдерге тыңғылықты даярлануды және көктемгі егіс жұмыстарын айна­лымға барлық егістік алқаптарын мей­лінше қамти отырып, сапалы жүргізуді тапсырамын.

* * *

Тұңғыш Президент - Елбасының дана саясатының арқасында біз ең қиын уақыттардан жеңімпаз болып шықтық, өсімнің оң қарқыны мен халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз еттік.

Қазір осы қарқынды барлық бағытта сақтап, жұмыс тәсілдерін жетілдіру және межеленген жоспарлар мен мін­деттердің сапалы орындалуын қамта­масыз ету қажет. Басты мақсат - аза­маттарымыздың әл-ауқатын және бо­лашаққа деген сенімін арттыру.

Президент Әкімшілігіне бүгінгі барлық тапсырманы бақылауға алуды тапсырамын. Нақты нәтижелер күтемін және сәттілік тілеймін, - деп қорытты сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар