Президенттің несие бойынша шекті мөлшерлемені азайту тапсырмасы орындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында берген несие бойынша шекті мөлшерлемелерді азайту үшін қосымша реттеу шараларын қабылдау тапсырмасы толық орындалғанын жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы жария еткен «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ несие бойынша шекті мөлшерлемелерді саралап-жіктеу және азайту үшін қосымша реттеу шараларын қабылдау керек», - деп атап өткен болатын.

Осы орайда Берік Уәли микроқаржылық қызметті лицензиялау ісі енгізілгенін, 201 микроқаржы ұйымына, 586 ломбардқа жалпы 976 лицензия берілгендігін атап өтеді.

Сондай-ақ 3,5 мың кредит беру субъектісінің, атап айтқанда, 1 682 ломбардтың, 1 218 кредиттік серіктестіктің, 62 микроқаржы ұйымының, 27 онлайн-кредитордың, 556 өзге ұйымдардың қызметі тоқтатылды.

Микроқаржы ұйымының меншікті капиталына қойылатын талап 30 миллионнан 100 миллион теңгеге дейін күшейтілді. Сыйақының шекті мөлшерлемелерін және борыштық жүктеменің коэффициентін сақтауға, құрылтайшылар мен басшы қызметкерлердің біліктілігіне қатысты микроқаржы ұйымдарына қойылатын талаптар қатаңдатылды.

Шекті пайыздық мөлшерлемелер – кепілді банктік қарыздар бойынша 56-дан 40 пайызға дейін, ипотекалық қарыздар бойынша 56-дан 25 пайызға дейін, кепілді микрокредиттер (50 АЕК-ке дейінгі көлемде 45 күн мерзімге дейін) бойынша 30-дан 20 пайызға дейін төмендетілді.


Соңғы жаңалықтар