Президенттің маңызды он бағыты: Ақтөбеде 1400 кәсіпорын жалақыны орта есеппен 15 пайызға өсіреді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Президент Қасым - Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде өңірлерде халық табысын арттыру туралы міндет жүктеген болатын. Осыған орай Ақтөбе облысында халық табысы жыл сайын 9-12 пайызға артады. 2025 жылға қарай жалақы республикалық орташа дейгейге жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе облысының әкімдігі халық табысын арттыру бағыты бойынша кешенді жоспар әзірледі. 2025 жылға қарай облыс тұрғындарының орташа табысы республикалық орташа жалақыға теңесуі тиіс. Ол үшін жаңа өндіріс пен жұмыс орындары ашылады. 2019 жылы 25 өндірістік инвестициялық жоба іске асырылады. Ал ауыл шаруашылығы саласында 200 жоба қолға алынады. Жыл сайын шағын және орта бизнесті дамытып, 2025 жылға қарай бұл сала облыс экономикасының 30 пайыз құрауы тиіс. Ол үшін биыл бизнеске 40 миллиард теңге жұмсалады», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар халық табысын арттыру бағытын іске асыру үшін 570 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту көзделді. Әрі ірі өндіріс орындарындағы жұмысшылардың еңбекақысын өсіру жайы қатаң бақылауда болады.

«Биыл 1400 кәсіпорын жалақыны орта есеппен 15 пайызға өсіреді. Бұл 32 мыңнан астам ақтөбеліктің еңбекақысы көтеріледі деген сөз. Өңірде жұмыс істеп жүрген адамдардың 20 пайызы өндіріс саласында еңбек етеді. Яғни, 84 мың адам. Олардың орташа жалақысы 184,8 мың теңгені құрап отыр. Мұнай өндіру үшін жаңа геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, қара алтынды өндіруде жаңа технологияны пайдалану бұл салаға жаңа серпін береді. Өңірде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары. Алайда ауыл шаруашылығы саласының өңір экономикасындағы үлесі бар болғаны 5 пайызды құрап отыр. Әрі осы салада еңбек ететін адамдар орта есеппен 83 мың теңге жалақы алады. Бұл облыстағы орташа жалақыдан 40 пайызға төмен», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін мал басын арттырып, суармалы жер көлемін өсіруді көздеп отыр. Сонымен қатар құс етін өндіру, дәстүрлі емес шаруашылықты дамыту маңызды. Ақтөбенің көлік-логистикалық мүмкіндігін пайдаланып ішкі нарықты қамтып, өнімді экспортқа шығаруға болады. Қазір облыстағы 430 ауыл шаруашылығы құрылымының 220 мың гектар жайылымы бар. Онда мал шаруашылығын дамытуға болады.

Еске сала кетейік, 12 маусымда өткен ұлықтау рәсімі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев он маңызды бағытын жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар