Президенттің маңызды он бағыты: Ақмолада 5 мың пәтер пайдалануға беріледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 502 мың шаршы метр немесе 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ермек Қарағаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылы құрылыс жұмыстары үшін 13,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артық. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 11,1 миллиард теңге болса, қалған 2,2 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен», - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың бес айында Ақмола облысында 248 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бүгінгі күнге дейін 2 мың 100 отбасы баспана мәселесін жақсартты. Оның ішінде Көкшетау қаласында ең көп пәтер, яғни, 84,8 мың шаршы метр берілді. Жеке инвестиция үлесі Целиноград ауданының үлесінде. Жыл басынан бері шамамен 110 мың шаршы метр немесе 911 пәтер пайдалануға берілген.

«2019 жылдың бес айында облыста сатып алу құқығынсыз 9,5 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Оның 6,6 мың шаршы метрі республикалық та, 3,9 мың шаршы метр жергілікті бюджет есебінен. Биылғы жылы 23 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына 35,9 шаршы метр баспана немесе 14 тұрғын үйді қолданысқа беру көзделген»,- деп толықтырды Ермек Қарағаев.

Айта кетерлігі, Ақмола облысында 900 астам көпбалалы отбасы пәтер кезегінде тұр. Жалдамалы пәтер құрылысы жобасын жүзеге асыру шеңберінде жыл соңына дейін 148 көпбалалы отбасын баспанамен қамту көзделген. Бұдан бөлек 2019 жылы 30 мыңна астам шаршы метр (400 астам пәтер) несиелік пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл бағытта «Бәйтерек» АҚ есебінен құнды қағаздар шығарылады, яғни ақшамен есептегенде оның соммасы 1,7 миллиард теңге немесе 13 тұрғын үй. Биылғы жылғы бес айдың қорытындысы бойынша 9,7 шаршы метр (4 тұрғын үй немесе 160 пәтер) пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, биыл сумен жабдықтау жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 1,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. 2020-2022 жылдары республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы есебінен жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілетін 4 000 астам жер телімін инженерлік-коммуникация инфрақұрылымымен қамтамасыз етілетін болады.

«Ақмола облысында құрылыс жұмыстары қарқын алып, оған кәсіпкерлер де бастамашылық танытуда, осының нәтижесінде тұрғындардың баспана мәселесі біртіндеп шешілуде», - деп түйіндеді Ермек Қарағаев.

Соңғы жаңалықтар