Президенттің Қызылжарға жұмыс сапары қалай өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс күні қауырт болды. Солтүстік Қазақстан облысына сапарлаған Президент өңірдегі көктемгі егіс науқанымен танысып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жүздесті. Сондай-ақ облыстағы әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Мемлекет басшысының өңірге сапары жайында толығырақ ақпаратты ҚазАқпараттың шолу материалынан оқыңыздар.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен көктемгі егіс науқанымен танысу үшін «Дайындық Агро» ЖШС-ға қарасты егістік алқабын аралап көрді.

Дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жер бар.

«Дайындық Агро» директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық «Тризо» сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтады.

Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, егістік алқаптарын минералды тыңайтқыш жеткізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сайлау, диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісі жоспарға сай орындалып жатыр.

Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды.

Сондай-ақ Президент облыс басшылығына осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды.

Жалпы, биыл облыс бойынша 4,5 млн гектар жерге егін егіледі.

Оның ішінде 3,2 миллион гектарға – дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар, 960 мың гектарға – майлы дақылдар, 353 мың гектарға – мал азығын, 34,1 мың гектарға – картоп, 6,2 мың гектарға басқа да көкөніс түрлерін егу жоспарланған.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін егістік алқаптарын әртараптандырып, әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбірек егу мәселесіне ұдайы назар аударылады.

Соңғы жылдары облыста қарақұмық егу 3 есе, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер алқабы шамамен 1,5-2 есе артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев егістік басында облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерімен әңгімелесті. Олар мемлекеттің тиімді қолдауы нәтижесінде шаруашылықтарын кеңейтуге мүмкіндік алғанын айтты.

Ірі шаруашылықтар ауыл халқын жұмыспен қамтып қана қоймай, ауылдағы әлеуметтік бастамаларға да үлес қосып келеді.

Президент облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесу барысында ЕАЭО қызметінің басым бағыттары жөнінде пікір білдірді.

«Ресей Федерациясымен шекара бойында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының стратегиялық маңызы зор. Ресей – біздің серіктесіміз. Біз ЕАЭО аясында да, екіжақты деңгейде де кедергісіз сауда мен тауар алмасу ісін қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргіземіз. Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғары Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі керек. Біз бірыңғай тауар нарығын құруға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар тауарды Ресей нарығына да, үшінші мемлекеттердің нарғына да кедергісіз және тиімді жеткізу үшін Ресей аумағындағы ішкі теміржол тарифтері қол жетімді болуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: ЕАЭО, ең алдымен, экономикалық интеграциямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Диқандармен әңгіме барысында Президент жақында Беларусь Республикасының басшысы Александр Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке кіруді ұсынғанын атап өтті.

«Мен оның әзіліне лайықты баға бердім. Менің ойымша, бұған ешбір қажеттілік жоқ. Өйткені басқа интеграциялық бірлестіктер, соның ішінде, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерге адал болып қала береміз», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осыдан кейін «Қызылжар-Сүт» фермасына ат басын тіреген Президентке нысандағы сауын цехы және мал бордақылау алаңы көрсетіліп, осы кешенде қолданылатын сүт өндіру технологиясы таныстырылды.

Тауарлық сүт фермасының бірінші кезеңі 2020 жылы іске қосылған.

Былтыр кәсіпорынға 366 миллион теңге инвестициялық субсидия бөлінген және Германиядан симментал және голштин асыл тұқымды ірі қара сатып әкелінген.

Ферма 60 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Президент Солтүстік Қазақстан өңірінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «РимҚазАгро» қағаз өнімдерін шығаратын фабриканың жұмысымен де танысты.

Өндіріс орнын аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрика жұмысының алғашқы нәтижесі туралы баяндалды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаны субсидиялауға қаржы бөлінген.

Қағаз өнімдері фабрикасы – көпсалалы «Радуга» компаниясына қарасты кәсіпорындардың бірі ғана.

Қазіргі кезде өңір халқын жыл он екі ай көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжай құрылысы жүріп жатыр.

«РимҚазАгро» кәсіпорнында шамамен 1,7 мың адам жұмыс істейді. Кәсіпорын 37,7 гектар аумақта халық тұтынатын өнім өндірумен айналысады.

Былтыр жалпы сомасы 7,6 миллиард теңге болатын 3,8 мың тонна өнім өндірген.

Өнім түрі 730-дан астам, олар Қазақстанның барлық өңірінде сатылады және Ресейге экспортталады.

Мемлекеттің қолдауымен 2018 жылы тұрақтандыру қорының өнімдері сақталатын көкөніс қоймасы бар көтерме-тарату орталығы салынды.

Қуаты жылына 5 мың тонна қағаз өнімдерін шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды. Инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгеден асты. Зауытта 80 адам жұмыс істейді.

Картон өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі - 7 миллиард теңге, өндіріс қуаты - жылына 10 мың тонна. 100 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне барып, білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстармен және жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясымен танысты.

Білім ордасының оқытушыларымен және студенттермен әңгіме барысында Президент халықаралық озық тәжірибені енгізу және елімізде шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашу қажет екеніне назар аударды.

«Біз жетекші университеттерді елімізде филиалдарын ашу үшін шақырып отырмыз. Ресейдің техникалық университеттерін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырдым. Алматыдағы ҚазҰУ-да физика-техника және Атырауда мұнай-газ салалары бойынша Ресей университеттерінің бөлімшелері ашылды. Жақында Сиань қаласында болдым. Ол жерде де Қытайдың техникалық бағыттағы жоғары оқу орындары өз филиалдарын елімізде ашуына мүдделі екенімізді айттым. Мұның бәрі бізге пайдалы. Өйткені, білім халықаралық ынтымақтастыққа жол ашады. Білімде шекара болмайды. Қарыштап дамып кеткен елдер бар. Артта қалып қойған, бірақ озық мемлекеттерді қуып жетуге талпынатын елдер де бар. Сондықтан, бұл саланың перспективасы зор. Қазақстан білім саласын дамыту үшін алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылады деп ойлаймын. Мен сіздерге үлкен үміт артамын»,- деді Президент.

Мемлекет басшысы өңірге сапары аясында Солтүстік Қазақстан облысының орталығында жаңадан бой көтерген С. Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрына барды.

Президент театр ғимаратын аралап көріп, «Мағжан» пьесасынан үзінді тамашалады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени ошақта Қызылжар өлкесінің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен әңгімелесті.

«Бірлігіміз әралуандықта. Бұл – біздің ең басты ұранымыз әрі ұстанымымыз. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын – бәріміз бір халықпыз. Сондықтан, бәріміз халқымыздың, еліміздің өркендеуіне қызмет етуіміз керек. Баршаңызға бақ-береке тілеймін. Біз әрдайым бірге боламыз. Алға қадам басу үшін ауызбіршілігімізді, достығымыз бен тұрақтылығымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Әрине, елімізде әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық сипаттағы мәселелер бар. Проблемасыз ел болмайды. Тіпті, ең дамыған, бақуатты елдерде де проблема бар. Егер елде тәртіп болса, заң қатаң сақталса, көздеген нәтижеге қол жеткіземіз», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар