Президенттің Қытайға сапары бойынша көптеген бірлескен жобаны қолға аламыз - ҚСЗИ сарапшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытай экономиканы әртараптандырудағы біздің басты серіктестеріміздің бірі болмақ. Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарына қатысты пікір білдірген ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл сапар – дипломатиялық қатым-қатынас иерархиясы бойынша ең жоғары деңгейдегі мемлекеттік сапар. Ол біздің инвестициялар, сауда, даму жөніндегі стратегиялық қатынастарымыздың ілгерілеу тұрғысынан аса маңызды болары анық», - деді Еркін Тұқымов ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, сарапшы қазір еліміз экономиканы әртараптандыру кезеңінде тұрғанын ескеру қажет екенін айтты.

«Қытай бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыру бойынша Қазақстанның басты серіктестерінің біріне айналуы мүмкін. Бүгінгі таңда Қытай – әлемдегі ең үлкен нарық. Оған кіру үшін жоғары бәсекелестік жүріп жатыр. Көрші мемлекеттерді ескере отырып, біз бұл мүмкіндікті толығымен пайдалануымыз керек. Бұл біз үшін Қытай инвестицияларын тартуға және транзитті дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтті Еркін Тұқымов.

Сарапшы атап өткендей, 30 күндік визасыз режим орнату туралы келісім – еліміздің географиялық артықшылығын пайдалана отырып, туристерді тарту үшін жақсы мүмкіндік.

«Жыл сайын әлем елдерін аралайтын 200 млн қытайлық туристің бізге аз ғана бөлігі келеді. Ал, туристік сала әрдайым мультипликативті әсер береді. Ол инфрақұрылымды, тамақ өнеркәсібін дамытуға және «Түркістан-Ташкент-Самарқанд-Алматы» туристік маршруты бойынша басқа елдермен келісім жасасуға ықпал ете алады», - дейді Еркін Тұқымов.

Сарапшының айтуынша, мемлекеттік сапар көптеген стратегиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

«Менің ойымша, сапар қорытындысы негізінде біз экономика және инвестиция бойынша көптеген бірлескен жобаларды қолға аламыз», - деп түйіндеді Еркін Тұқымов.


Соңғы жаңалықтар