Президенттің Қытайға мемлекеттік сапарының алғашқы күні қалай өтті

Фото: Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Қытай Халық Репсубликасына барды. Оңтүстіктегі көршіміздің Сиань қаласындағы «Орталық Азия – Қытай» форумының қарсаңындағы сапардың алғашқы күнінде-ақ, екі ел басшылары бірқатар маңызды құжатқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытай Төрағасының қонақжайлық ілтипаты

Осы сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сиань қаласындағы құрлық портында Қазақстанға тиесілі логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысатыны хабарланған болатын.

Қазақстан Президентін Қытай Төрағасы Си Цзиньпин қарсы алды.

Осыдан кейін Қазақстан мен Қытай басшылары келіссөз үстелінде бас қосты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.

«Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ, келіссөз кезінде Қазақстан Президенті Қытаймен өзара сауда-саттықты 40 млрд долларға жеткізуді ұсынды.

«Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік», - деді Қ.Тоқаев.

Ал ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипатын 70 жас мерейтойымен құттықтап білдірді.

Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

«Қазақстан Қытайға жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі. Тек былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда-саттық көлемі 780 млн доллардан асты. Қазақстан бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын», - деді Қазақстан Президенті.


Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қос елдің «Бір белдеу – бір жол» аясындағы табысты ынтымақтастығын атап өтті.

«Ертең Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік-логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ.

Көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелердегі ұстанымы бірдей немесе ұқсас.

Сондай-ақ, Қ.Тоқаев Си Цзиньпиннің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалайтынын жеткізіп, екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға дайын екенін атап өтті.


Маңызы зор 23 құжат

Келіссөз қорытындысы бойынша 23 құжатқа қол қойылды.

Олардың арасында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім» бар.

Сондай-ақ Қазақстанның үш өңірі Қытай қалаларымен өзара келісімдерге қол қойды. Нақтырақ айтсақ, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Тяньцзинь қаласының Халық Үкіметі Қазақстанда «Лу Бань шеберханасын» құру туралы мәміле жасасты.


Ал Шымкент қаласы мен Сиань қаласы бауырластық байланыс орнату жөнінде уағдаласты.

Бауырластық байланыстар/қатынастар орнату туралы келісімге сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы мен Шэньси провинциясы да қол қойды.

Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унивеситетінде Сиань Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылатын болды.


Қол қойылған құжаттардың толық тізімі:

1. Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы басшыларының Бірлескен мәлімдемесі;

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялық ынтымақтастық жоспары;

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім;

6. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға күнбағыс, мақсары, соя және зығыр тұқымының шротын (күнжара) экспорттауға қойылатын санитариялық және фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттама;

8. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға экспортталатын бұршақ пен жасымық партияларына қойылатын инспекциялық және карантиндік талаптар жөніндегі хаттама;

9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға су өнімдерін экспорттау жөніндегі хаттама;

10. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші трансшекаралық теміржолды бірлесіп іске асыруды алдын ала қарау туралы өзара түсіністік туралы меморандум;

11. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы мәдени орталықтар құру жөніндегі ниеті туралы меморандум;

12. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы сауда-экономикалық зерттеулер саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

13. Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Қытай Халық Республикасының Стандарттау басқармасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

14. ҚР Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен ҚХР Тяньцзинь қаласының Халық Үкіметі арасында Қазақстанда «Лу Бань шеберханасын» құру туралы келісім;

15. ҚР Шымкент қаласы мен ҚХР Сиань қаласы арасында бауырластық байланыстар орнату туралы келісім;

16. ҚР Солтүстік Қазақстан облысы мен ҚХР Шэньси провинциясы арасында бауырластық байланыстар/қатынастар орнату туралы келісім;

17. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унивеситеті мен Сиань Солтүстік-Батыс политехникалық университеті арасындағы ҚазҰУ жанынан ССБПУ филиалын ашу туралы келісім;

18. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Энергетика істері жөніндегі мемлекеттік басқару арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

19. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы» арасындағы қазақ-қытай стратегиялық энергетикалық ынтымақтастығын кеңейту туралы негіздемелік келісім;

20. Қазақстан Республикасы Техникалық реттеу және метрология комитеті мен ҚХР Стандарттау басқармасы арасындағы меморандум;

21. «Хабар» Агенттігі» АҚ мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

22. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай мұнай университеті арасындағы ынтымақтастық орнату туралы келісім;

23. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қытай Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылықтары университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, Қытай Қазақстан үшін экономиканы әртараптандырудағы басты серіктестердің бірі болмақ.


«Қытай бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыру бойынша Қазақстанның басты серіктестерінің біріне айналуы мүмкін. Бүгінгі таңда Қытай – әлемдегі ең үлкен нарық. Оған кіру үшін жоғары бәсекелестік жүріп жатыр. Көрші мемлекеттерді ескере отырып, біз бұл мүмкіндікті толығымен пайдалануымыз керек. Бұл біз үшін Қытай инвестицияларын тартуға және транзитті дамытуға ықпал етеді», - дейді сарапшы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық респбуликасына мемлекеттік сапарының алғашқы күні осындай оқиғалармен есте қалды.

Ертең Мемлекет басшысы Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі және мемлекеттік сапар аясында бірқатар шара өткізеді, сондай-ақ Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысады.

Мемлекет басшысы 19 мамырда «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады. Сонымен қатар Президент еліміздің Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысады деп жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар