Президенттің Қылмыстық кодекстегі түзетулерінде балаға қатысты қылмыс бойынша қатаң жаза қарастырылған – Серік Беркамалов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сотсыз жазалауға кірісуді талап еткендерді қолдауға болмайды, өйткені ҚР Президентінің 2019 жылдың желтоқсан айында Қылмыстық кодекске енгізген түзетулері балаларға қатысты қылмыстар бойынша қатаң жазалауға кепілдік береді. Осындай пікірді Facebook-тегі парақшасында Қазақстан заңгерлер одағының елордадағы филиал төрағасы Серік Беркамалов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін таңертеңгі трагедия тек Сәтбаев қаласының тұрғындарын ғана емес, бәріміздің жүрегімізді ауыртты.

Кішкене балаға зорлық жасаған адамды бастапқыда ашуға беріліп, сол жерде атып тастағың, оңбағанды тірідей парашалап тастағың келеді. Жасыратыны жоқ әке ретінде менде сондай күйде болар едім. Бәріміз адамбыз, күдіктіні өз қолымен жазалағасы келген ашулы топты түсінуге болады, бірақ қолдауға болмайды. Топтың ашу-ызасының себебі түсінікті, жыл сайын осындай қылмыс көбейіп кетті, жаза жеңілдетіле берді, ал қылмыскер түрмеден мерзімінен бұрын босатылды. Түнгі топтың ойында осы болған шығар.

Алайда көбі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы себеппен былтыр желтоқсан айында Қылмыстық кодекске жауапкершілікті түбегейлі күшейту туралы өзгерістер енгізуге қатысты қол қойғанын білмейді. Енді Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша балаға зорлық көрсетуге ең жоғары жаза – 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Ешқандай жеңілдік жоқ, тек жоғары мерзімге. Бұдан басқа, сот химиялық кастрация түрінде мәжбүрлі шараны қолдануға құқылы, кешегі қылмыс бойынша бұл әрекет – ең әділ және дұрыс болар еді!», - деп атап өтті Серік Беркамалов.

Оның айтуынша, топтың өзі жазалауға кірісуі – жауапкершілік шарасы емес, бұл халықтың құлдырау формасы, біз тарихқа қарасақ таспен атқылап өлтіру, қанды кек алу және осыған ұқсас варварлық «әділ сот» жақтаушысы болған емеспіз. Қандай қылмыс жасалса да, ол би сотымен таразыға салынып қаралатын, біз де осы даналыққа негізделген дәстүрді сақтауымыз керек.

Серік Беркамаловтың атап өтуінше, бұлай кете берсе біз басқалардың сотсыз жазалауға кірісуіне жол ашамыз. Сол кезде қылмыс орнында кездейсоқ ұсталып, ашулы топтың қолына түсіп жазықсыз жазаланып кетсеңіз, таңғалмаңыз. Ондайда әділ соттан үміт күтпеңіз.

«Қылмыскер қатаң әрі әділ жазасын алатынына дау жоқ. Мұндай қылмыстарға өлім жазасын тағайындауды қайтаруға да болады. Алайда жазаны күшейту мәселені толық шешпейді. Балаларымыздың денсаулығы мен өміріне қол сұқпаушылықты қайтарып бермейді. Бұл жерде мемлекеттің басты міндеті – мұндай фактілерді түп-тамырымен жою, зорлықтың алдын алу және оны болдырмау жүйесін құру. Бұл – тереңірек ойланатын жайт», - деп түйіндеді сөзін Қазақстан заңгерлер одағының елордадағы филиал төрағасы Серік Беркамалов.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Сәтбаев қаласындағы жағдай бойынша кеңес өткізген еді.


Соңғы жаңалықтар