Президенттің Қостанай облысына жұмыс сапары аяқталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Қ.Тоқаев өңірге бүгін таңертең барған болатын.

Президент ең алдымен Рудныйдағы жылу құбырындағы жарылыс салдарымен танысып, өңір басшылығының қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады.

Мемлекет басшысы қала тұрғындарымен кездесу барысында азаматтардың өміріне қауіп төндіруге болмайтынын, Қостанай облысы мен қала әкімдігі Рудныйдағы жағдайды жедел қалпына келтіруі тиістігін айтты. Қ.Тоқаев үйлерге жылудың қайта берілгенін өз көзімен көру үшін Рудный тұрғындарының бірінің шақыруымен оның пәтеріне барды.

Кейін Президент Рудный қаласындағы «Жас-Қанат 2006» құс фабрикасына барып, шаруашылыққа заманауи технологияларды енгізу жөніндегі пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Сондай-ақ «Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» (ССКӨБ) акционерлік қоғамына барып, Соколов кен орнының жұмысымен танысты.

Лисаков қаласының жылу электр орталығына барған Мемлекет басшысына жылу орталығының жабдықталуы мен қаланың коммуналдық инфрақұрылымының қазіргі жағдайы жөнінде мәлімет берілді.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Лисаков қаласындағы балаларға арналған «Алақай» отбасылық демалыс орталығына барды, Allur зауытында Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін (CKD) іске қосты.


Соңғы жаңалықтар