Президенттің кезектен тыс сайлауы - саяси, әлеуметтік, тарихи маңызы зор оқиға - Ұлықбек Есдәулет

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы өз пікірін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Президенттің кезектен тыс сайлауы - уақыт талабынан туған саяси, әлеуметтік, тарихи маңызды бар шешім.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда бүкіл халықтық Президент Сайлауы өтетінін мәлімдеді. Бұл шынында да өте маңызды саяси, әлеуметтік, тарихи маңызы бар қажетті іс деп ойлаймыз. Себебі, әр нәрсеге айқындық керек. Мемлекетте билік алмасқан кезде уақытша басқару да тарихи қажеттіліктен туған. Ал енді бүкілхалықтық заңды сайлау өткізу, заңды президент сайлап алудың дәл осы жерде тарихи мәні бар. Біздің Қазақстан осы жылдар ішінде экономика, саяси, мәдени, өркениет жағынан үлкен жетістіктерге жеткен болса, оны ары қарай дамыту, белгіленген межелерге жеткізу де алда тұрған міндет.

Соған еліміздің дамуын ұштастырып үлкен биіктерге қол жеткізуге көзделген мақсат-мұраттар бар. Осы орайда сайлау үлкен рөл атқаратынын байқаймыз», - деді Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Белгілі ақын Қазақстан ішкі тұрақтылығы көршілердің, бүкіл әлемнің таңданысын туғызып отырғанын айтты.

«Сыртқы саясатта да Қазақстанның беделі жылдан жылға өсіп келеді. Озық елдермен терезесі тең үзеңгілес жағдайларға жеттік. Бұл сайлаудың демократиялық, әділ, таза, өтуіне мен өзім кепіл боламын деген президент сөзі көкейіме қонды. Бұл дегеніміз, алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді деген қазақтың мақалын келтіріп отырып айтқанда, халықтың жағдайын ойлап отырғаны да көрініп тұр. Ел бірлігі, ынтымағы бұзылмасын деген ойларға қосылмайтын адам жоқ. Қаламгерлер қашанда халықтың, елдің тұтастығын ойлайтын халық. Саяси партиялар елді жік-жік, жан-жаққа бөліп жібермейтін шығар деп ойлаймыз. Олардың да таянышы тірегі, халық.

Партиялардың өзін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауызбіршілікте болғанын қалаймыз әрине.

Осы сайлау біздің еліміздегі демократиялық қандай деңгейде екенін жалпақ әлемге танытады ғой деген ойдамыз. Қалай болғанда да біздің халық өзінің өркениетті жолдағы ел екенін осы сайлауда бір көрсететін шығар», - деді ол.

Айта кету керек, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетініне өзі кепілдік беретінін айтты.

«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар