Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы. Мәтіндік трансляция

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мәтіндік трансляция арқылы хабар таратады.

***

12:32 Жолдау аяқталды

***

12:32 - «Біз халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл мерейлі дата – егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы. Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз. Бұл біздің қолымыздан келеді, мен оған кәміл сенемін. Еліміз әрқашан аман болсын. Баршаңызға рахмет!», - деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

12:31 - «Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ. Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған. Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз», - деді Президент.

12:30 - Құрметті отандастар! Алдымызда күрделі әрі ауқымды міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет. Біздің стратегиялық бағытымыз айқын, түйткілді тұстарымыз бен кемшіліктерімізді жақсы білеміз. Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралар жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсысымызға байланысты. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек.

***

12.26 – «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін кез келді. Парламент сол бойынша сәйкес заңдар жиынтығын қабылдайды», - деді Президент.

***

12:24 – Ауыл әкімдерін тікелей сайлауды өткізуге болады деп ойлаймын – Қасым-Жомарт Тоқаев.

12:20 - «Инфрақұрылымдық әрі әлеуметтік бастамаларға аудандардың және елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте онлайн сауалнаманы да қолданған жөн», - деді Президент.

12:20 - «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингілерінің рөліне арнайы тоқталғым келеді. Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді. Ал қазір біз мүлдем жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту – уақыт талабы. Сондықтан осы екі ұйымды біріктіріп , қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн», - деді Президент.

12.19 – «Үкімет өнеркәсіп пен ақпараттық технология саласы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты реттеуі тиіс. Бұл әрбір саланың цифрлы экожүйесінің қозғаушысы цифрлы технология платформаларын қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

12:16 – «Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады», - деді Президент.

***

12:15 – Мемлекет басшысы: 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек.

***

12:15 - «Адам құқықтарын қорғау бойынша жаңа шаралар қабылдау өте маңызды. Мен үшін бұл - басым бағыттағы шешілуі тиіс проблема. Бүкіл әлем сияқты, Қазақстан да азаматтардың интернетте қудаланудан қорғалмау жағдайына тап болды. Бұдан бірінші кезекте балалар зардап шегеді, өкінішке қарай, олар интернеттегі қудалауды ерекше жақын қабылдайды, оның салдары қайғылы жағдайға әкеліп соғады», - деп мәлімдеді Президент.

***

12:14 - Президент: Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керек.

***

12:09 - «ІІМ құрылымын бейінді емес функциялардан босатып, қайта қарастыру қажет. Бұл осы маңызды ведомство жұмысының тиімділігін арттырады. Табиғи және техногендік апаттар дәуіріне енгенімізді ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын», - деді Президент.

12.08 – «Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек», - деді Мемлекет басшысы .

***

12.07 – Президент: Қылмыстық және қылмыстық-процесуалдық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Оны жиі түзетулер мен өзгерістер енгізу құқықты қолдануға кері ықпал етеді және біркелкі тергеу және сот практикасын жасауға мүмкіндік бермейді.

***

12:00 - «Пандемия сирек мамандықтардың дәрігерлерін, эпидемиологтарды, инфекционистерді, реаниматологтарды және кардиологтарды әзірлеу мәселесін төтесінен қойды. Үкіметке шамамен 10 жылға медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ұзақ мерзімді болжам жасауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

***

12.00 – «Үкімет бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауы қажет. Ол барынша мобильді әрі халықтың барлық тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Шалғай өңірлердегі көлік медицинасын жаңғырту жөнінде шаралар қабылдау қажет», - деді Президент.

***

11:59 - Қасым-Жомарт Тоқаев: Тағы бір мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамыту. Жыл соңына дейін ел аумағында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай Денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл осы мақсатқа орай 1,5 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз. Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі көпсалалы медициналық орталық салынады. Бұл орталық - еліміздің беткеұстар салалық мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін береді.

***

11:59 - Президент: 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары болады.

***

11: 59 - «Отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек. Барлық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуі тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін», - деді Мемлекет басшысы.

***

11.54 – Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. «Бұл құжатта бейресми білімнің баламалы нұсқаларын белсенді енгізуді, өзіндік оқудың нәтижесін мойындауды, кәсіби дағдыларды сертификаттауды қарастыру керек», - деді Мемлекет басшысы.

***

11:51 - Президент Үкіметке елдің Әлеуметтік кодексін әзірлеуге кірісуді тапсырды. «Әлеуметтік төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдануы керек. Ол үшін азаматтың цифрлы әлеуметтік әмиянын енгізіп, сондай-ақ тиісті тауар өткізуші жүйені құру қажет», - деп мәлім етті ҚР Президенті.

11:51 – «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн теңге бөлінеді», -деді Президент.

***

11:50 - «Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ», - деді Мемлекет басшысы.

***

11:47 - «2021 жылдан «Аңсаған сәби» жобасын іске қосуға тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

11:47 - «Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының 700 мың салымшысы баспана сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына өз жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын болады», - деді Мемлекет басшысы.

***

11:42 - «Түйіндей айтарым, ішкі жалпы өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек. Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана, өзін-өзі ақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте сақтауымыз қажет», - деді ҚР Президенті.

***

11:42 - «Әлемде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару Үкімет үшін басымдыққа ие болып отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдаланған жөн. Қаржы орталығы тікелей және портфельді инвестициялар тартуда негізгі құралына айналуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

11:42 - Президент: Еліміздің халықаралық аренадағы экономикалық мүддесін белсенді түрде ілгерілетіп, ұлттық мүддені қорғауда сындарлы ұстаным мен кәсіби біліктілік таныту керек. Қазақстанның игілігі үшін Еуразия экономикалық одағының және «Бір белдеу – бір жол» жобасының зор мүмкіндіктерін барынша пайдаланған жөн.

11.40 – «Президентке тікелей қарасты Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік құруды тапсырамын. Тең бәсекелестікті дамытуда экономиканы мемлекет иелігінен шығару маңызды рөл атқарады», - Президент.

***

11:40 - «Үкімет жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауы тиіс. Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар және мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек. Квазимемлекеттік секторда әкімшілік басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлер санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуы тиіс», деді Мемлекет басшысы.

***

11:39 - Қасым-Жомарт Тоқаев: Бәсекелестік саясаты аса маңызға ие. Бәсекелестік саясатын түрлендіріп, әр кәсіпкерге тең мүмкіндік беру қажет.

***

11:38 - Президент: Мемлекеттік органдарға бюджеттік дербестік беру қажет. Бұл мәселелерді жедел шешуге, ұжымдық жауапсыздық пен қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік береді. Алайда оның қатаң сұрауы болуы тиіс.

***

11.35 – «Ұлттық банк құрылымында Ақша-несие саясаты жөніндегі комитет құру жөнінде шешім қабылданды. Оның құрамына тәуелсіз мүшелер кіреді. Біз ұлттық табысты қайта бөлу маңыздылығын айтып отырғандықтан, бүкіл ел азаматтары үшін түсінікті салық саясатын дамытуымыз керек», - деп мәлімдеді Президент.

***

11.32 – «Келесі жылы ШОБ қызметінің жаңа нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруді тапсырамын. Мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендер жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы аса ауыр қылмыс деп қабылдануы тиіс», - деді Қ.Тоқаев.

***

11:32 - «Келесі – бизнес климат. Реттеуші сала әлі де ебедейсіз, тіпті жазалаушы болғандықтан, бұл сала реформаларға мұқтаж. Реттеуші саясаттың негізгі принциптері өзгертілуі тиіс», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

***

11:31 - Президент: 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар 24 мың шақырым жол жаңартылады.

***

11:29 - ҚР Президенті шағын және орта бизнеске қосымша қолдау шараларын жариялады. Мемлекет басшысының атап өтуінше, Ұлттық банк экономиканың барынша зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес үшін айналым қаражатын толықтыру жөніндегі арнаулы бағдарламаны іске асыратын болады.

«Бұған дейін ол өз әрекетін осы жылы тоқтады деп болжанған еді. Қазіргі дағдарыс жағдайында бұл бағдарламаның әрекет ету мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның қамту аясын кеңейтуді тапсырамын. Бұған қоса, бағдарламаның жалпы көлемін 800 млрд теңгеге жеткізе отырып, оған қосымша 200 млрд теңге қарастырған жөн», - деді Мемлекет басшысы.

11:26 - Президент: Электр энергетикасы, кәсіп саясаты туралы бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс.

***

11.26 - «Үкіметке бизнеспен бірлесіп АӨК-тің бесжылдық дамуы жөніндегі сапалы жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді бастауды тапсырамын. Біздің негізгі міндетіміз – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өзіндік қамтамасыз ету», - деді ҚР Президенті.

***

11:25 - Президент: Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды.

***

11:19 «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан ішкі нарықтарымыздың зор мүмкіндіктерін әлі де толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз», - деді Президент.

***

11:18 - 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап факторлы-балдық шкаланы енгізу керек – Президент.

***

11:17 - Ұзаққа созылған мұнай суперциклі аяқталған тәрізді. Енді әлемдік нарықтың түбегейлі жаңа конъюктурасына дайын болу керек - Мемлекет басшысы.

***

11:17 - «Еліміздің жаңа экономикалық бағыты 7 негізгі ұстанымға негізделуі қажет», - деді Президент.

Бірінші – игіліктер мен міндеттемелерді әділ бөлу.

Екінші – жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі.

Үшінші – адал бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарықты ашу.

Төртінші – өнімділікті арттыру, экономиканың күрделілігі мен технологиялылығын арттыру.

Бесінші – адами капиталды дамыту,білім берудің жаңа түрін инвестициялау.

Алтыншы – экономиканы «жасылдандыру», қоршаған ортаны қорғау.

Жетінші – мемлекеттің дәйекті, қисынды шешімдер қабылдауы және олар үшін қоғам алдындағы жауапкершілігі.

***

11:17 - Президент: Қазіргі өзгермелі әлемде шешім қабылдаудың баяулығы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Сондықтан, құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында заңнаманы өзгерту арқылы құқықтық регламенттеу деңгейлері арасында балансты қамтамасыз ету керек. Мұны кешіктіруге болмайды!

***

11:16 - Шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту мақсатын 2021 жылы шешеміз – Президент.

***

11:15 - Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жетелдетуді тапсырамын – Мемлекет басшысы.

***

11:10 - Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құру жөнінде шешім қабылдадым - Президент.

***

11:10 - Президент: Әлеуметтік төлемдерды индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

***

11:09 - Қасым-Жомарт Тоқаев: Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінуде.

***

11:09 - Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді - ҚР Президенті.

***

11:07 - Президент: Коронавируспен күресте дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай жағдайға бей-жай қалмаған барлық азаматқа шын жүректен алғыс айтамын.

***

11.03 - Мемлекеттік Әнұран ойналды.

***

11.02 - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің жаңа сессиясын ашты. «ҚР Конституциясының 59-бабына сәйкес, 6-шы шақырылымдағы Парламенттің 6-шы сессиясын ашық деп жариялаймын», - деді ҚР Президенті.

11:00 - Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысына сөз берді.

***

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 2 қыркүйекте «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар