Президенттің кадрлық резервіне кімдер қабылданбайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кеңейтілген отырысында агенттік төрағасы Анар Жайылғанова елімізде Президенттік кадрлық резервті қалыптастыру туралы айтты. Бұл жөнінде агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында шешім қабылдауға және түрлі жағдайлар мен трендтерге тез бейімделуге қабілетті «жаңа формация» басшыларының басқарушы құрамын жаңарту қажеттігін жариялады. 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың тиімділік көрсеткіштері көбінесе қоғам пікірімен үйлеспей жататынын атап өтті.

Анар Жайылғанованың айтуынша, Президенттік кадрлық резерв келешегі кемел жастар үшін әлеуметтік жедел саты болып, жаңа формация басшыларының дереккөзіне айналуы тиіс. Сондықтан, жобаның ауқымын ескере отырып, іріктеудің әр кезеңінде объективтілік, сапа және ашықтық үрдісі қамтамасыз етілуі қажет.

Резервке кіретін тұлғалар саяси және жоғары әкімшілік басқарушы, сондай-ақ ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылық лауазымдарына тағайындалады.

Іріктеу механизмі клиентке бағдарлану тұрғысынан пысықталған. Іріктеуге жоғары білімі бар жас қазақстандықтар, сонымен қатар, шетелдегі отандастар да қатыса алады. Дегенмен, оған Президент тағайындайтын саяси мемлекеттік қызметшілер қатыса алмайды.

Резервке қабылданғаннан кейін оларды Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Назарбаев Университеті базасында оқыту жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар