Президенттің кадр резерві: жеңімпаздарға басымдық беріле ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудегі тест тапсырмалары жөнінде айтып берді , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Іріктеудегі вербалды және сандық тестілерді адамдардың әлеуетін объективті бағалаудағы беделді халықаралық компания әзірледі. Онда тестің бірнеше нұсқалары ұсынылған. Бұл сұрақтар арнайы білім мен дайындықты талап етпейді, қатысушылардың жедел және дұрыс шешім қабылдау қабілетін анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тест түрлері Ұлыбритания, АҚШ, Еуропада мемлекеттік қызмет жүйесіне жұмысқа алу кезінде қолданылады», - деді

Оның айтуынша, мәтіндік материалдар мен құжаттар, диаграммалар мен кестелер шектеулі уақытта басқару шешімдерін қабылдаудағы үміткерлердің аналитикалық және сыни ойлау деңгейін анықтауға көмектеседі. Бұл үздік деп танылған 300-ден астам үміткердің басты артықшылығы болмақ.

«Біз бұл қатысушыларды барынша үздік етіп дарялаймыз. Олар міндетті түрде мемлекеттік қызметте жұмыс істесін деген талап жоқ. Түрлі деңгейдегі жұмыстарға бара алады. Бұл қатысушыларға басымдық беру мақсаты да жоқ. Барлығын Президент шешеді. Іріктеу қатысушыларының бір артықшылығы - осындай күрделі сынақтан өткені. Президент те күрделі тестілеуден өткен қатысушылардың қаншалықты білікті екенін білетін болады. Үздік шыққан қатысушыларды белгілі бір қызметке мәжбүрлеп тағайындай алмаймыз. 18 миллион халыққа 300 адам аз, бұл резерв 5 жыл сақталады», - деді Анар Жайылғанова.

Айта кетейік, «Президенттік Жастар кадр резервіне» іріктеудің «Әлеуетті бағалау» кезеңіне 549 қатысушы өтті. Бұл кезең эссе жазу, жобаны таныстыру және құзыретті бағалау сынды 3 бөліктен тұрады.

«Әлеуетті бағалау» кезеңінен кейін сарапшылармен сұхбат өтеді. Оған алдыңғы кезеңдерде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жіберіледі. Одан кейін Президент Әкімшілігі құратын комиссия іріктеудің алдыңғы кезеңдерінен табысты өткен әрбір үміткермен жеке әңгімелеседі. Соның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия ең жоғары балл жинаған кандидаттарды Президенттік жастар резервіне қабылдау туралы шешім қабылдайды.

Іріктеудің кейінгі кезеңдеріне жіберілетін кандидаттардың шекті саны белгіленген. Атап айтқанда, тестілеу верификациясына 1000 адам ғана жіберіледі. Келесі кезең - әлеуетті бағалауға - 600 адам, сараптамалық комиссияда сұхбаттасуға - 400 адам, соңғы Ұлттық комиссия отырысында - 330 адамның нәтижесі қаралады.

Соңғы жаңалықтар