Президенттің ғалымдарға лайықты жалақы төлеу мәселесін көтергені қуантты - ректор Шаймарданов
2021 жылғы 2 қыркүйек 14:36

Президенттің ғалымдарға лайықты жалақы төлеу мәселесін көтергені қуантты - ректор Шаймарданов

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Жасұлан Шаймарданов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында өмірдің барлық салаларына тоқталып, шұғыл шешілуі тиіс мақсат-міндеттерді айқындады. Өзім білім саласында жұмыс істегендіктен осы саланы жақсарту мен ғылымға қолдау көрсету туралы берілген міндеттемелер қуантты. Президент жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін көтере отырып, ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін әзірлеуді тапсырды. Алдағы уақытта министрлік ғылыми мекемелерді іріктеудің әрі қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлейтін болады», - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда бүкіл әлем цифрландыру жүйесін кеңінен қолға алып, дамыту үстінде. Мемлекет басшысы саланы жетілдіретін мамандарды даярлау қажет екендігін баса айтты.

«Осыған орай 100 мың IT маман дайындау қолға алынбақ. Менің ойымша, бұл дер кезінде айтылған тапсырма. Бұл үшін ЖОО-да оқу бағдарламаларын жаңартып, заманға сай әзірлеу қажет болып отыр. Геология, экология, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға маңызды міндеттемелер жүктелді. Біздің университет бұл салаға қажетті мамандарды даярлайтын білім ордаларының бірі болғандықтан, алдағы уақытта жаңаша серпіліспен оқыту процессін ұйымдастыратын боламыз», - деді Жасұлан Шаймарданов.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT