Президенттің «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіз Қазақстанға қажетті мамандар даярлаудағы маңызды міндетін толық орындады - М. Тәжин

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Шет елдерде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы болып өтті.

«Президенттік «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығы тұсында қалыптасқан мемлекеттің алдына қойған міндеттерді екшей отырып, шет елдерде кадрлар даярлаудағы тәжірибені егжей-тегжейлі сараптап, топтастыруымыз қажет. Шет елдерден оралған стипендианттардың бүгінгі күш-жігері оларға жұмсалған шығынның орнын толтырып, артылған үмітті толығымен ақтауы тиіс. Сондықтан да, шет елдердің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға баратын әрбір үміткердің оқуға деген әлеуетті мүмкіндіктерін тиянақты зерделеуге тиіспіз. Бізге екпінді толқын қажет», - деді комиссия отырысы барысында М. Тәжин.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, Президенттің «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіз Қазақстанға қажетті халықаралық деңгейдегі мамандардың алғашқы буынын даярлаудағы өзінің маңызды міндетін толық орындады.

Жиын барысында басымдық берілген мемлекеттік және салалық бағдарламалар үшін мемлекеттік қызметшілерді, ғылыми-педагогикалық, инженерлік және медициналық кадрларды нақты даярлаудың тетіктерін қамтамсыз ету жөніндегі мәселелер қаралды.

Басқосуда Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов «Болашақ» стипендиясы байқауына қатысудың қолжетімділігін кеңейту, өңірлік және әлеуметтік теңгерімсіздікті төмендету мақсатында конкурстық рәсімдер бүкіл жыл бойы жүргізілетінін атап өтті. Оның пайымынша, аталған шара конкурсқа қатысуды мейлінше жеңілдетіп, өткізу мерзімдері мен үміткерлердің оқу кезеңін нақты жоспарлауға мүмкіндік туғызады.

Айта кетейік, биыл шет елдерде білім алуға үміткерлер арасында «Білім беру және тәрбие берудің теориясы мен әдістері», «Педагогикалық диагностика, білім беруді бағалау және сапасын бақылау», «Көлік, көліктік техника және технологиялары» секілді мамандықтарға сұраныс артып отыр.

Соңғы жаңалықтар