Президенттің бағасы біздің шабытымызға қанат бітірді - Ахмет Байтұрсынұлы мүсінінің авторы

None
АСТАНА.ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматы қаласына сапары аясында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Іс-шара барысында Президент ескерткіш авторларының жұмысын жоғары бағалаған екен. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісі мүсінді жасаған авторлардың бірі Айдос Сәбитұлына хабарласып, аз-кем әңгімеге тартқан еді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы салтанатты рәсімнен кейін ақынның ұрпақтарымен, зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ ескерткіш авторлары Айдос Бүркітбаевпен және Тимур Ермұхаметовпен әңгімелесіп, суретке түсті.

«Ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін, Президент бізді арнайы қасына шақырып, қолымызды алып, ризашылығын білдірді. Біздің қайда оқығанымызды, бұған дейін қандай жұмыстар жасағанымызды сұрады. Тимур екеуміз мүмкіндігінше бұған дейін жасаған жұмыстарымыз туралы қысқаша айттық. Мемлекет басшысы бізден «Жеке шеберханаларың бар ма?» деп сұрады. Біз бар екендігін айттық. «Бұл жұмыс маған қатты ұнады, әрбір детальдарына мұқият көңіл бөліп жасаған екенсіңдер. Қаншама жұмыстарды көріп жүрмін, кейбір мүсіндер көңіліме толмайтыны да рас. Ал сіздерге көп рахмет, жұмыстарың табысты болсын!» деді. Бұл баға біздің шабытымызға қанат бітіргендей болды. Бұйырса алдағы уақытта бұдан да жақсы жұмыстар жасауға тырсамыз», - дейді мүсіннің авторы Айдос Сәбитұлы.

Сонымен бірге, ескерткіш авторы сәтті шыққан туындының ерекшелігімен бөлісті. Оның айтуынша, тұлғаларға арналған ескерткіш сол тұлғаның келбетімен қоса, ішкі жан-дүниесін де ашуы тиіс екендігін, үлкен ізденіс керектігін айтады.

«Мүсін қоладан құйылған, тұғыры гранит тастан жасалған. Биіктігі - 3,5 метр, тұғыры - 1,5 метр, жалпы биіктігі 5 метр болады. Ахмет атамызды білмейтін кісі жоқ шығар, ұлт ұстазының бейнесін жасауда ол кісінің мұрағаттардағы суреттерін қарадық, жас кезіндегі, қартайған кезіндегі бейнелерін іздедік. Өмір жолы туралы қайталап оқыдық», - дейді Айдос Сәбитұлы.

10 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан азаматтар бұған дейін де көптеген тұлғалардың ескерткішін жасауға атсалысыпты. Бәрі де жұрттың көңілінен шыққан туындылар.

«Бұған дейін Алматыда ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіштің бейнесін жасадық. Астана қаласына қойылған Әбу Насыр әл-Фараби, Алматыда Нұртас Оңдасынов, Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіштерін жасадық. Жақында Тараз қаласында қойылған Шерхан Мұртаза атамыздың ескерткіші де біздің туынды. Тұлғаларға арналған туындының сәтті шығуы, оның сыртқы келбеті ғана емес ішкі жан-дүниесіне үңілгендігімізден болар. Біз өзіміз кірісіп, жасайтын тұлғаның өмірімен толық танысамыз, оқып зерттейміз, суреттерін, бейне материалдарын ақтарамыз, сол арқылы ескерткішке мінезін, жан-дүниесін сіңіруге тырсамыз», - дейді Айдос Сәбитұлы.

Естеріңізге сала кетейік, қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр.


Басты фото: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар