Президенттің БАӘ-ге сапары: Түркістан мен Жамбыл облыстарында жел электр станциялары салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесті, деп хабарлады ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында энергетика саласындағы бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстан 2060 жылға дейін көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізуді, сондай-ақ 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 4 пайыздан 15 пайызға дейін арттыруды көздеп отырғанын айтты.

Сонымен қатар Президент Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен KIDF қоры және Masdar компанияcы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум толыққанды жүзеге асырылатынына сенім білдірді. Осы құжатқа сәйкес, Түркістан және Жамбыл облыстарында қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Рамахи кездескені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, еліміздің жасыл энергетиканы дамыту саласындағы әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондай-ақ оның компаниясы бұл бағыттағы ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.

Айта кетейік, жексенбі күні Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.

Кеше ҚР Президенті «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі.

Ал бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевты БАӘ Президентінің сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.

ҚР Президенттің БАӘ-ге ресми сапары аясында 9 құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАӘ Президенті Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян бірлескен мәлімдемесін жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президентіне қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді.


Фото: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар