Президенттің Алматыдағы тапсырмалары қоғамның мұң-мұқтажына дер кезінде жауап берді – Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және даму министрі Дәурен Абаев ҚР Президентінің Алматыны абаттандыру туралы тапсырмаларына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнда қала құрылысы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді деп ойлаймын. Оның себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматыда туып-өскен, жұмыс істеген және қаланың тарихымен, негізгі мәселелерімен жақсы таныс. Сондықтан, Президенттің оңтүстік астананың өзекті мәселелерін білуі қалыпты жайт», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша, ең алдымен Президенттің экологиялық жағдайды жақсарту тапсырмалары маңызды.

«Қала басшылығы алдында ЖЭС пен қоғамдық көлікті газға ауыстыру міндеті тұр. Алматылықтар үшін бұл – өте өзекті мәселелердің бірі. Екіншіден, көші-қон полициясы органдарында шетелдіктерді міндетті тіркеуді алып тастау бүкіл елімізге қатысты жаңалық болды. Бұл әбден пісіп-жетілген шешім еді. Оның артықшылығы өте көп. Кез келген қағазбастылық процедурадан арылу туристер мен инвесторлардың көбеюіне ықпал етеді», - деді Д. Абаев.

Үшіншіден, Президенттің мас жүргізушілерді қатаң жазалау тапсырмасы өзекті болып отыр.

«Қоғам бұл мәселені ұзақ уақыттан бері көтеріп келді, халық әділдікті, қылмыс пен жазаның сай болуын талап етті. Жалпы, бұл тапсырмаларды қоғамның мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ асу деп бағалаған жөн. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымы – осы», - деді министр.

Еске сала кетсек, 29 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына екі күндік жұмыс сапары барысында бірқатар мәселелерге қатысты тапсырмалар берген болатын.

Соңғы жаңалықтар