Президенттің алғашқы Жолдауы: орындалған тапсырмалар мен өзекті мәселелер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына алғашқы Жолдауына бір жыл өтті. Енді 1 қыркүйекте ҚР Президентінің екінші Жолдауы күтіліп отыр. Осы орайда бір жыл көлемінде орындалған тапсырмалар мен кейбір өзекті мәселелер Strategy2050.kz сайтындағы шолуда жан-жақты атап өтілген.

Өткен жылы 2019 жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялады. «Заман талабына сай тиімді мемлекет», «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты өңірлер – қуатты ел» сияқты бес бөлімнен тұратын Жолдауда елімізде қордаланған проблемаларды шешу жолдары мен Елбасы стратегиясын жалғастыру бағыттары қарастырылды.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында негізінен әлеуметтік мәселелерге, мемлекеттік басқару саласындағы проблемаларға, саяси реформа жүргізу қажеттілігіне көңіл бөлген. Жыл көлемінде осы проблемаларды шешу үшін заңнамаларға өзгертулер енгізіліп, жаңа заңдар қабылданды, бағдарламалар іске асырылуда. Оның бір жыл ішінде жемісін көріп, нәтижесін шығару оңай шаруа емес, дегенмен алғашқы жетістіктері мен қиыншылықтарын атап көрсетуге болады.

Мемлекет басшысы Жолдаудың Заман талабына сай мемлекет бөлімінде елімізге саяси жаңғырудың, сатылы реформаның қажет екендігіне тоқталды. Табысты экономика мен әлеуметтік дамуға қоғамдық-саяси жаңғырусыз жете алмайтынымызды айта келіп, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы басты даму қағидатымыз екеніне тоқталды. Бұл Елбасы кезінде басталған өкілеттіктерді бөлу жөніндегі реформаның нақты жалғасы деуге болады. Сондай-ақ халықтың үкіметке деген сенімін нығайту және өзара диалогын арттыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ортақ міндет ретінде ұсынды. Жыл көлемінде Президент Қ.Тоқаев есімімен байланысты ең жиі айтылатын тұжырымдаманың бірі осы. «Халықтың үні» дегеніміз жеке азаматтардан бастап, оппозициялық партиялардың әртүрлі алаңдарда мемлекеттің дамуына қатысты көзқарастары. Президент осылайша заман талабына сай мемлекет орнату үшін келесідей тапсырмалар орындалу керектігін атап көрсетті:

1) Партия құрылысы үдерісін жалғастыру.

2) халықпен тиімді кері байланыс орнату

3) митингтер туралы заңнаманы жетілдіру

4) қоғамдық келісімді нығайту

Ең алдымен, көппартиялықтың, саяси бәсекенің, ой-пікірдің сан алуандығы уақыт өткен сайын өзекті болып келе жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанның саяси алаңында жетекші партия «Нұр Отаннан» басқа «Ақ жол» және ҚХКП парламенттік партиялары, ЖСДП және «Ауыл» партиясы, ҚДП, «Сен, Алаш» тіркелмеген партиялары, «Oyan, Qazaqstan», «ХАҚ» қозғалыстары бар. Саяси жүйе тұрақты болуы үшін саяси партиялар және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеу керектігі Жолдауда айтылды. Партиялар мен қозғалыстар көбейген соң, қоғамда өз пікірі мен көзқарасын білдірушілер де артатыны заңды құбылыс. Азаматтардың саяси белсенділігі заңның шеңберінде, бейбіт және конструктивті болуы үшін бірқатар шаралар қабылданды. Жалпы, еліміздегі саяси-партиялық трансформация үшін маңызды үш қадам жасалды:

- «Сайлау туралы» конституциялық заңға және «Саяси партиялар» туралы заңға өзгерістер енгізілді. Енді саяси партияларды тіркеу жеңілдетіліп, бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті. Бұл – саяси додаға қатысамын деген қозғалыстарға берілген мүмкіндік. Сонымен қоса, ел Парламентіндегі жастар мен әйелдердің саны артады. Алдағы Парламент Мәжілісінің сайлауы тартысты, көппартиялы және саяи плюрализмнің көрінісі болады деген үміт бар.

- 2020 жылы 25 мамырда № 333-VІ «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бейбіт жиналыстар туралы алғашқы заң 25 жыл бұрын қабылданғанын ескеретін болсақ, қоғамның өзгерісіне сай митингтерді өткізудің орны, рұқсат алу, негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары осы заңда көрсетілген.

- ҚР Президенті 2020 жылы 2 маусымда «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Ол бойынша: «Парламенттік оппозиция – Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін және парламенттік көпшілікке кірмейтін, әдетте, әлеуметтік-экономикалық және (немесе) қоғамдық-саяси мәселелер бойынша парламенттік көпшілікке қарағанда өзге позиция ұстанатын саяси партия немесе саяси партиялар.

Осы заңнамалық өзгерістер саяси ландшафтта жаңа саяси ұйымдардың өзара бәсекелестігін арттырады, сайлау процесінің мейлінше ашық өтуін қадағалауға мүмкіндік береді, сондай-ақ Парламентке жаңа оппозициялық партиялар өткен жағдайда заң шығару органының рөлін күшейтуге жол ашуы мүмкін деп санаймыз. Сондай-ақ Президент айтып отырған «ықпалды Парламент» қағидатын іске асыруға жасалған қадамдардың бірі болмақ. Парламентте ғана емес, қоғамда да жетекші саяси күш ретінде Nur Otan партиясы өзіне үлкен жауапкершілік алады. «Nur Otan» партиясы Н.Назарбаевтың 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулысына сәйкес партияішілік іріктеудің ережесін жариялады. Ережеге сәйкес, праймериздің негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіндегі тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды анықтау. Сонымен қоса, заңнамалық өзгерістерге сәйкес, партиялық тізімдерде кемінде 30% әйелдер және 20%-ы 35 жасқа дейінгі жастар ұсынылуы керек делінген. 2020 жылдың 27 тамызындағы мәлімет бойынша праймеризге қатысуға 10 316 адам өтініш беріп, 9 218 азамат кандидат болып тіркелген. Ашық праймериз өткізу қоғам мүшелері тарапынан демократиялық жаңғырудың үлгісі ретінде бағаланып, қолдауға ие болып жатыр.

Мемлекеттік қызметшілердің санын емес, сапасын арттыру мәселесі өзекті болып келеді. Қ.Тоқаев Жолдауда «2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсаймыз» деген еді. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компания қызметкерлерінің санын 25 пайызға дейін қысқарту межесі қойылды. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №19-4233-4 қарарымен 2020 жылы мемлекеттік қызметшілер санын 5%-ға қысқарту шешімі қолдау тапты. Бұл ретте, 2020 жыл ішінде бұл көрсеткішті 20%-ға дейін оңтайландыру жолдары, оның ішінде 2021 жылға қарай факторлық-балдық шкала негізінде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшуді ескере отырып пысықталмақ. Мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту, олардың кәсіби деңгейін көтеру, сондай-ақ халықпен кері байланысын нығайту маңызды. Сондықтан, Президент ұсынған «Жастар кадрлық резерві» жобасы да кең қолдау тауып, мемлекеттік қызметшілер қатарын жаңа толқынмен толықтыра білді.

Президент Жолдауда қойған тапсырмаларды орындау мақсатында ҚР АҚДМ Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының (бұдан әрі - тұжырымдама) жобасын әзірледі. Тұжырымдама жобасы қоғамдық ұйымдар, бизнес-құрылымдар, сарапшылық қауым өкілдерінің қатысуымен диалог алаңдарында, республикалық және өңірлік конференцияларда, азаматтық қоғамның 600-ден астам өкілдерінің қатысуымен өткен кездесулерде талқыланды. Азаматтық қоғам өкілдерінің, мемлекеттік органдардың, сарапшылардың келіп түскен ұсыныстары мен ұсынымдарын ескере отырып, Тұжырымдама жобасы пысықталды. Осы Тұжырымдама жобасын әзірлеу, келісу және бекіту жөніндегі Жол картасы да бекітілді. 2020 жылғы 2 маусымда «Қазақстан Республикасының азаматтық қоғамын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы «Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы« Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 341 қаулысы қабылданған. Қазіргі уақытта аталған Тұжырымдама жобасы мемлекеттік органдардың және қоғам өкілдерінің ескертпелеріне сәйкес жан-жақты пысықталып, биылғы жылы қабылданады деп күтілуде.

Президент Жолдауының бір бөлігі әлеуметтік жаңғыруға арналды. Оның ең маңыздысы – білім беру сапасын арттыру. Бір жыл көлемінде Мемлекет басшысының білім беру қызметтерінің сапасына жауап бермейтін ЖОО санын қысқарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында БҒМ мынадай жұмыстар жүргізді:

1. Жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын талаптарды күшейту мақсатында үлгілік ережелерге, біліктілік талаптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2. Жоғары оқу орындарының қызметіне талдау жүргізілді, оның нәтижелері 2019 жылғы 10 желтоқсанда және 2020 жылғы 27 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан құрылған ЖОО оңтайландыру мәселелері жөніндегі Комиссияның қарауына берілді.

Биыл наурыз айында «Қайнар» академиясы, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы, Алматы университеті бірігу бойынша меморандумға қол қойды. Үкіметтің 2019 жылғы 11 қазандағы № 752 қаулысымен 4 мемлекеттік ЖОО 2 ірі университетке – М.Х. Дулати атындағы Тараз аймақтық университетіне және А. Байтұрсынов атындағы Қостанай аймақтық университетіне біріктірілді.

Ал, «Педагог статусы» туралы заңның қабылдануы, мұғалімдер мен ЖОО оқытушылардың жүктемесінің азайтылуы, жалақысының көбеюі, студенттердің, магистранттар мен докторанттардың стипендиясының өсуі, оқу гранттары мен жас ғалымдарға арналған ғылыми-зерттеу гранттарының артуы, мұғалімдер мен спорт және мәдениет қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету биылғы жылы атқарылған үлкен істің бір бөлігі.

Сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформалар алдыңғы айтылған саяси реформалармен тығыз байланысты. Елімізде жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай келеді. Азаматтардың мұң-мұқтаждықтарын тыңдап, оны шешуге атсалысу, жедел назар аударып, мәселені ушықтырып алмай уақытында шешім қабылдау керектігі Жолдауда айтылған еді. Президент Әкімшілігі жанынан құрылған Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне бір жыл көлемінде 30 мыңнан астам өтініш, ай сайын шамамен 2,5 мың арыз түсіп отырған. Өтініштердің саны биыл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға дейін артқан және қабылдауға жыл бойы 2 мың адам жазылған екен. Яғни, халықтың өз мәселесін шешуде орталық мемлекеттік органға деген сенімі артса, екінші жағынан жергілікті деңгейдегі кейбір органдардың жауапкершілігі төмен екенін көрсетеді.

Президент Жолдауында 2020 жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Алтын Орданың 750-жылдығы сынды мерейтойларды жалпыхалықтық деңгейде өткізу туралы айтылған еді. Мұндай даталар рухани құндылықтарды дәріптеуге, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуға септігін тигізері анық.

«Ұлық Ұлыс» (Алтын Орда) 750 жылдық мерейтойын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1059 қаулысымен бекітілген. Жоспарланған мереке шеңберінде тек орталық деңгейде ғылыми-зерттеу және талдамалық зерттеулер жүргізу, тарихи-мәдени мұра объектілерін қалпына келтіру, мәдени іс-шаралар, туристік маршруттарды әзірлеу, туристерге жағдай жасау және көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру қарастырылған.

Алтын Орданың 750 жылдығына дайындық және оны мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес қазіргі уақытта Жошы және Алаш хан кесенелерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілуде, онда тарихи-мәдени кешен құрылады, «Ұлытау» визит-орталығының құрылысын аяқтау жоспарлануда. «Қасиетті Ұлытау», «Хан Жолы», «Теректі әулие» және т. б. жаңа туристік маршруттар әзірленді.

ҚР Президентінің ендігі Жолдауында жаңа қалыптасқан жағдайда коронадағдарыстан шығу жолдары, халықтың әл-ауқатын нығайту, жеке кәсіпкерлік пен ауылмшаруашылығын дамыту, білім беру мен жұмыспен қамту, цифрлық мүмкіндіктерді әр салада пайдалану, ел тәуелсіздігінің 30-жылдығына дайындық жұмыстары баяндалады деп күтілуде.



Соңғы жаңалықтар