Президенттің АҚШ-қа сапары тың инвестиция тартуға мүмкіндік береді - Айдос Сарым

None
Мемлекет басшысының АҚШ-қа жұмыс сапарын екіге бөліп қарастыруға болады. Алдымен, тың инвестиция тартуға мүмкіндік беретін сапар. Оған дәлел - Президенттің Американың алпауыт компаниялар басшыларымен кездесу өткізуі. Мұндай кездесу, жиындар бір күннің ішінде жоспарланбайды. Ірі компаниялардың басшылары да Қазақстанға деген қызығушылығы болмаса, кездесуге келмес еді.

Бұл кездесулердің нәтижесі мемлекетаралық жаңа келісімшарттардың жасалуына ықпал етеді. Соның негізінде елімізге жаңа инвестициялық жобаларды тарту мүмкіндігі бар. Тағы бір жайт, Мемлекет басшысымен кездесу өткізген компаниялардың дені өнеркәсіппен айналысады. Күн сайын жаңа бір санкциялар пайда болып жатқан уақытта, әлемдік ірі компаниялар басшыларымен келісімге келу ауадай қажет. Сондай-ақ, бизнесті дамытуда америкалықтардың тәжірибесі мол, әрі заманауи технологияны қолданады. Бұл тұста біздің олардан үйренеріміз көп.

Президенттің АҚШ-қа сапарының геосаяси жағынан да маңызы зор. Себебі Қазақстан соңғы 2-3 ай ішінде халықаралық дипломатиялық тұрғысынан өте белсенді ел болып отыр. Оның дәлелі елімізге Рим папасы Франциск және Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің сапары. Қытай басшысы Қазақстанның тәуелсіздігі мен біртұтастығын үнемі қолдайтындығын жеткізді.

АҚШ сапарының екінші жағы саяси сипатқа ие. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысып, сөз сөйлейді деп жоспарлануда. Осынау аумалы-төкпелі заманда, геосаяси қақтығыстар жиі орын алып жатқан кезде БҰҰ мінберінде әлемдік саяси ахуалды талқылау қажет әрі ол маңызды.


Соңғы жаңалықтар