Президенттің 2021 жылы жүзеге асқан экономикалық бастамалары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі және сыртқы саясат шеңберінде бірқатар тың қадамдарға барып, ел экономикасы мен ұлт болашағының дамуы мен өрістеуіне сеп болатын үлкен бастамалар көтеріп, нақты шешімдер қабылдады. 2021 жылы жүзеге асқан экономикалық бастамалар туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Пандемиядан кейінгі экономикалық даму

Жалпы еліміздегі экономикалық жағдай экономикалық өсім, нақтырақ айтсақ ішкі өнім деген көрсеткішпен өлшенеді. Қазақстандағы жалпы ішкі өнім тәуелсіздік алғалы нөлден төмен болып көрген емес. 2008 жылы бүкіл әлемде орын алған экономикалық дағдарыс кезінде де біздің мемлекеттегі жалпы ішкі өнімі бар болғаны 1,2 %-ға дейін ғана төмендеген. Алайда, пандемия салдарынан ЖІӨ 2,6 %-ға құлдырады. Ал биыл 11 айдың қортындысында ел экономикасының өсу қарқыны 3,8 %-ға дейін жеделдеді.

Нақты сектордың тұрақты өсуі жалғасуда. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,2%-ға өсті. Өсім машина жасауда 18,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 21,3%-ға, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 56,7%-ға, құрылыс материалдарын өндіруде 9,2%-ға, фармацевтикада 27,9%-ға, пластмасса бұйымдарын өндіруде 41,4%-ға байқалады. Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. 2021 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Алматы қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Батыс Қазақстан облысы 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті.

Мемлекет басшысы экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдады. Сондай-ақ, Ұлттық жобалар тізбесін бекітті.

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында берген тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау 2022 жылға дейін ұзартылды. Жолдау барысында мемлекет басшысы пандемия кезінде азаматтарға ауқымды көмек көрсетілгені туралы айтып өтті. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылып, өндірілген өнім мен қызметтің құны 3,5 трлн теңгені құраған. Сондай-ақ, 66 мың жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген.

Айта кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» 2019 жылдан бастап жүзеге асырылуда және ол кредит бойынша проценттік мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялауды және кредиттерге кепілдік беруді қарастырады. Соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме 6%-ке дейін төмендетілді. Кредиттеу мерзімі 10 жылдан аспайды. Кредит сомасына шектеу жоқ.

«БЖК-2025» бағдарламасымен 2020 жылдан бастап салалық шектеусіз жылдық 6% мөлшерлемемен 5 жыл мерзімге, кредит сомасы 7 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген кредит беріледі. «БЖК-2025»-ті қолдаудың негізгі қаржы құралдарына проценттік мөлшерлемені субсидиялау және кәсіпкерлердің кредиттеріне кепілдік беру, мемлекеттік гранттар беру, сондай-ақ бизнес жобаларына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу кіреді. Кәсіпкерлерді қаржысыз қолдаумен бизнесті жүргізуді оқыту және болашақ және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді консультациялық сүйемелдеу бойынша жобалар кешені көзделген.

«Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң әзірлеуді Үкіметке тапсырған болатын. 2021 жылдың 27 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның мақсаты бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту және дамудың шикізаттық моделінен ауытқу жолымен өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Ең алдымен шикізат өндіруші, қайта өңдеуші және салалық мемлекеттік орган арасында өнеркәсіпті отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі үшжақты келісімдерге қол қойылады. Келісім шикізатты жеткізу көлемін, толық қайта өңдеу бойынша міндеттемелерді және ең бастысы ерекше бәсекелі баға белгілеуді көздейді. Тұтастай алғанда, Заң ел ішіндегі және әлемдік экономикадағы ағымдағы жағдайға, өнеркәсіптік кәсіпорындардың талаптары мен сұрау салуларына жауап береді және ел басшылығының тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары жүргізілуде

Елімізде Ұлттық банктің айналым капиталын толықтыруға жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» және «жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары шеңберінде шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Кредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме 6 %-ды құрайды. Сонымен қатар, айналым капиталын толықтыруды қаржыландыру едәуір кеңейтіліп, кредиттер сомасы ұлғайтылған. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді микрокредит беру іске қосылған.

Сонымен қатар, экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және орта кәсіпкерлік кредиттерін қайта қаржыландыру жүзеге асырылуда. Экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтіліп, субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылған. Осы іс-шараға бюджеттен 18,4 миллиард теңге бөлінген.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері салықтан босатылды. Қазақстандағы 1,2 млн ШОБ субъектілері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін салық төлемейді. Алдын ала есеп бойынша үш жылда кәсіпкерлер 380 млрд теңгеден аса қаражатты үнемдейді екен. Сондай-ақ ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды. Үкімет 700 мыңнан аса бизнес субъектілеріне салық ауыртпалығын азайтып, нәтижесінде дағдарыста 1 трлн теңге үнемделді. Президенттің пәрменімен құрылған Төтенше жағдай жөніндегі комиссия 500-ге жуық мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдады. Жалпы алғанда, Қазақстан індетпен күресуге және дағдарысқа қарсы іс-шараларға шамамен 6 трлн теңге (13 млрд АҚШ долларын) жұмсады. Әлемдегі алпауыт елдердің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл саясатына жоғары баға берді.

Авторы: Венера Жоламанқызы


Соңғы жаңалықтар