Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков жерлестерімен жүздесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚКХП атынан ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбеков Ақмола облысының Шалқар ауылында және Қорғалжын ауылдық округінде болды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Кездесуге партия өкілдері Жамбыл Ахметбековтың фотосуреті және партияның жалауы бейнеленген автокөліктермен аттанды.

Жамбыл Ахметбеков К.Күмісбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде болып, «Қорғалжын» қорығының қызметкерлерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиында Жамбыл Ахметбеков сайлауалды тұғырнаманың негізгі басымдығы - еңбек адамдарының мүддесін қорғау екендігін атап өтті. Сонымен қатар ол ҚКХП экономиканың стратегиялық салалары мен еліміздің табиғи байлығын тек қана Қазақстан азаматтарының игілігі үшін пайдалануды қолдайтындығына ерекше назар аудартты. Сондай-ақ қатысушылар ауыл кооперациясы мен ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мәселесін талқылады.

Кандидат «Халық коммунистері» фракциясының қазақстандықтар үшін өзекті болып табылатын көптеген бағыт бойынша атқаратын қызметі жайлы айтып берді.

«Қазіргі таңда кедейлік жұмыссыздықпен емес, төмен табысқа байланысты болып тұр. Кедейшілік шегі сияқты маңызды көрсеткіш бойынша шұғыл шара қолдану қажет», - деп атап өтті кандидат.

Оның сөзінше, елдегі кедейшіліктің шынайы деңгейін қайта санау керек және бұл құбылысты өзекті әлеуметтік мәселе деп тану қажет.

«Біз отандық тауарға, әсіресе АӨК өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күресу бағдарламасын қабылдауды, оны іске асыруды бірнеше рет ұсындық және оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейміз. Бұл міндетті түрде экономиканың шынайы секторы мен ауылдағы кооперацияның дамуына мультипликативті әсер ететін болады», - деп мәлімдеді Жамбыл Ахметбеков.

Кездесу барысында аймақ тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы сияқты әлеуметтік маңызы бар мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.

Сонымен қатар төмен зейнетақы, жәрдемақы мен жалақыға қатысты шағымдарын жеткізді. Медициналық қызмет пен білім беру сапасын арттыру қажеттілігін атап өтті.

Кейін партия өкілдері Шалқар ауылына аттанып, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл қариялары үміткерге бата беріп, ақ жол тіледі.

Ж.Ахметбеков өз кезегінде Қазақстанның көптеген сайлаушылары Қазақстан Коммунистік Халық партиясының экономикаға, әлеуметтік-саяси өмірге қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді. Ол әрбір азаматты Қазақстан Республикасының Президенттік сайлауына қатысуға шақырды.

Фото: knpk.kz

Соңғы жаңалықтар