Президенттікке үміткер ретінде тіркелген кандидатқа бюджеттен қанша қаржы беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркелген әрбір кандидатқа сайлау науқанын жүргізу үшін бюджеттен 7,5 млн теңгеден беріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 12-бабына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясына сайлау науқанына қажет етілетін шығыстардың (Президенттікке үміткер әрбір кандидатқа бөлінетін шығыс - ред.) болжалды сметасын есептеу өкілеттігі берілген. Ол түзілгеннен кейін Үкіметке ұсынылады. Қаржы бөлу туралы шешімді Үкімет бекітеді. Сайлау кезектен тыс болғаннан кейін бұл қаражат резервтен бөлінеді. Біздің болжалды сметамыз Қаржы министрлігінің қарауынан өтеді. Президенттікке үміткер әрбір кардидатқа бюджеттен шамамен 7,5 млн теңгеден бөлу керек деп есептеп отырмыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мемлекет кандидаттарға республикалық бюджеттен теңдей қаржы бөлінуіне кепілдік береді.

«Бұл - БАҚ-та сайлауалды сөз сөйлеуіне арналған: радиода - 10 минут, телеарнада - 15 минут, екі материал жариялау, кандидаттың жария іс-шаралары мен үгіт материалдарын шығару, сонымен қатар сайлаушылармен кездесуін ұйымдастыруға жұмсалатын қаражат. Яғни, бұған үй-жай жалдау мен көлікке кететін шығындар да кіреді», - деді С.Мұстафина.

Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров ағымдағы жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталатынын мәлім еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар