Президенттікке үміткер Әміржан Қосанов ОСК-ға құжаттарын тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қосанов Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің мемлекеттік қызметте 7 жылдық тәжірибем бар. Психикалық ауруларға қатысты анықтаманы алдым. Барлық қажетті құжатты жинап тапсырдық. Олар екі күн қарастырылатыны айтылды. Дүйсенбі күні сағат 11-де мемлекеттік тілді меңгеру сынағынан өтемін», - деді Әміржан Қосанов Орталық сайлау комиссиясында журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетейік кеше «Ұлт тағдыры» РҚБ құрылтайында саясаткер Әміржан Қосановтың кандидатурасын президенттік сайлауға ұсыну шешімі қабылданды.

Әміржан Қосанов 1964 жылы 13 мамырда дүниеге келген. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алған. Түрлі жылдары коммунистік жастар одағында, ҚР мемлекеттік органдарында, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстарда еңбек еткен. Үйленген, үш баласы бар.

Айта кетейік, ҚР Президенттігіне кандидаттар Орталық сайлау комиссиясына 7 құжаттан тұратын пакет тапсырады.

Үміткерлерді ұсыну - 28 сәуір күні, ҚР Орталық сайлау комиссиясына тіркеу процедуралары 11 мамырда аяқталады.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді.

Соңғы жаңалықтар