Президенттікке кандидаттар арасында теледебат бола ма - Абаевтың пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға түсетін кандидаттар арасында телепікірталас болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні менің білуімше, телепікірталас өтетін болады. Ол тікелей эфирде ұйымдастырылатын шығар. Теледебат - кандидаттардың бір-бірімен пікірталастыруы дегенді білдіреді. Толығырақ еститін боласыздар», - деді Д.Абаев.

Таяуда ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров ҚР Президенттігіне кандидаттар арасында теледидардан ашық пікірталас өткізу мүмкіншілігі қарастырылып жатқанын айтқан болатын.

«Президенттікке кандидаттар, оларды ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқылы. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы мұндай мүмкіндікті пысықтауда», - деген еді ол.

Айта кетейік, осы жолы ҚР ОСК жеті кандидатты тіркеді. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясынан - Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан - Төлеутай Рахымбеков, Қазақстанның коммунистер партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан Әміржан Қосанов, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Сәді-Бек Түгел, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева бар.

Соңғы жаңалықтар